Израильде тұратын ресейлік музыкант көшеде тапаншамен жүретінін айтты

Ресейден кеткен Макаревич жарының жауынгерлік шеберлігіне тәнті болды

Нұрдәулет Кәкіш
06/11/2023 - 22:49

Израиль халқы бұрыннан тосыннан болатын қарулы шабуылға кез келген уақытта дайын жүруге дағдыланған. Бұл туралы Израильде тұратын ресейлік музыкант, продюсер Андрей Макаревич мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Андрей Макаревич өткен жылы Украинаға әскери операция бастағаннан кейін Ресейден кетіп қалған. Қазір ол қазір Израильді өз Отаны деп санайды. Алайда 69 жастағы музыкант бұл елді қолына қару алып қорғауға дайын емес екенін, оған қаруды ешкім сеніп тапсырмайтынын айтады. Бірақ есесіне оның 39 жастағы әйелі Эйнат Клейн қала көшелерінде үнемі тапанша алып жүретінін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, Эйнат тек өзін-өзі және клиенттерін қорғау үшін қару ұстайды. Рокердің әйелі – туристік топтарды басқаратын экскурсовод. Яғни ол туристерге көрікті жерлерді көрсетеді. Ал туристердің қауіпсіздігіне қамқорлық жасау керек болған соң ол өзімен бірге тапанша алып жүреді екен. «Машина времени» тобының негізін қалаушы соңғы сұхбаттарының бірінде әйелі мерген екенін де жасырмады.

«Мен оның атқан оқтары нысанаға дөп тиетінін көрдім», - деді Макаревич.

Макаревич Израильдіктердің көпшілігі өздерімен бірге қару алып жүретінін, оны киімдерінің астына жасыратынын және бұл фактіні жарнамаламайтынын атап өтті. Елде қару-жараққа иелік етуге ресми түрде рұқсат етіледі. Дегенмен оған рұқсат алу үшін көп уақыт пен күш жұмсау қажет.

Музыкант израильдіктердің қарулы шабуылға дайын жүруге әбден дағдыланғанын айтады.

«Әрбір үйде әуе шабуылдары кезінде бейбіт тұрғындар жасырынатын арнайы бөлме немесе бекіністі қабырғалары бар жертөле қарастырылған. Ал үлкен қалаларда террористермен бетпе-бет келу қаупі де бар. Бірақ бұл қатты қорқынышты емес, өйткені Израиль полициясы оларды әп-сәтте ұстап алады», - деді Андрей Макаревич.

Оның бұл сұхбаты Израиль мен ХАМАС-тың соғысынан бұрын, яғни 7 қазанға дейін жазылған.

Айта кетсек, музыканттың әйелі Украинаның тумасы. Бұған дейін Киевте тұрған Эйнаттың бұрынғы аты-жөні Инна Калинина болыпты. Сол себепті де Макаревич өз елінен кетіп қалған. Енді ешқашан Ресейге оралмайтынын да ашық айтыпты. Кейіннен ол Ресейде шетелдік агент ретінде танылған.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85