Қазақстан Түркиядан 2 трлн теңгеге қару-жарақ сатып ала ма? Министрлік жауабы

Ведомство техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылып жатқанын мәлім етті

Ұлас Үсенбай
19/07/2023 - 15:18

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен түріктің «Otokar» компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ. «Otokar» компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана болып саналады, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын.

Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады.

«Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілікке ие болып саналады. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасы басымдық болып есептеледі. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», - делінген министрлік хабарламасында.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91