«Талим» тайфуны: Қытайдың оңтүстігінде 230 мыңға жуық адам эвакуацияланды

Қытайда жыл басынан бері тайфун төртінші рет соғып отыр

Ұлас Үсенбай
18/07/2023 - 23:20

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының жағалау аймағына «Талим» тайфуны соқты. Желдің жылдамдығы 140 км/сағ қамтыды. Бұл туралы Sarbaz.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

17 шілде күні кешке Гуандун провинциясында тайфун болып, 230 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Дауыл толқындары жағалауға соғылып, қатты жел мен жаңбырдың салдарынан жүздеген рейс пен пойыздардың тоқтатылуына себеп болды.

Аймақтық метеорологиялық бюроның хабарлауынша, тайфун сейсенбі күні таңғы сағат 05:45-те Гуанси провинциясының Бэйхай қаласына келіп, жергілікті уақыт бойынша 09:00-де Цинчжоу қаласына жеткен.

Тайфунның ортасына жақын желдің максималды жылдамдығы секундына 25 метрге жетті және солтүстік-батыс бағытта сағатына 15-20 км жылдамдықпен соғады деп күтілуде.

Цинчжоу, Фанчэнгган және Чунцзуо қалаларында жаңбыр жауып, оңтүстік және орталық бөлігінде екпіні секундына 33 метрге дейін жетеді деп болжанып отыр.

Билік өкілдері адамдарға үйде отыруға бұйрық берді. Бір жерде көп адамның жиналуына тыйым салынған. Жыл басталғалы бері Қытайға осымен төртінші рет тайфун соққы берді.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91