Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп жатыр
Бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан Еуропаның бірнеше елінде орман алқаптары өртеніп жатыр, деп хабарлайы Sarbaz.kz тілшісі Euronews сайтына сілтеме жасап.
Грекия астанасы Афинаға жақын жердегі орман өртке оранып, мыңдаған адам эвакуацияланды. Табиғат апатына байланысты жергілікті тұрғындар мен Лутраки курортындағы лагерьден 900-ден аса бала қауіпсіз жерге көшірілді. Жалын шаһардан 30 шақырымдай жерде Неос-Куварас елді мекеннің маңындағы алқапты шарпыған. Алдын ала болжам бойынша өрт орманға қасақана қойылған. Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп жатыр. Әскерилер жұмылдырылып, тікұшақтар қолданылуда. Бірақ мамандар өртті сөндіруге жел кедергі келтіріп тұр дейді.
Испанияның Ла-Пальмада жерінде орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Испанияның Ла-Пальма аралында да өткен сенбі күні басталған орман өрті әлі толық сөндірілген жоқ. Шамамен 3500 га жер мен 20-ға жуық ғимарат өртенді деген болжам бар. Табиғат апатына байланысты 4 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндірушілер аралдағы орман өртінің басым бөлігін сөндірген. Қазір жалынның шағын ошақтарын өшіруге күш салынып жатыр.
Римдегі термометрлер 39 градусқа жетті. Сейсенбіде одан да ыстық ауа райы күтілуде. Италияның денсаулық сақтау ведомствасы егде жастағы адамдарды аптап ыстықтан қорғау бойынша ұсыныстар шығарып, медициналық көмек қажет болған жағдайда көшеге шықпау үшін үйге қоңырау шалу қызметін күшейтуді тапсырды. Ауруханаларда төтенше жағдайларға арналған арнайы орталықтар ашылды.