Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.