Қауіпсіздік шарасы: Астананың айналасына блокпост қойылды

Астанада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Sarbaz.kz редакторы
31/10/2023 - 17:16

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Астанада полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Елорданың айналасына жеті блокпост қойылды. Бұл туралы Sarbaz.kz Астананың полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекет басшыларының қатысуымен ірі қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізуге байланысты құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қала полициясы қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті», - делінген хабарламада.

Қала периметрі бойынша азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ автокөліктерде тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру үшін жеті тосқауыл қойылды. Полиция қала тұрғындары мен қонақтарына осы қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұрайды.

«31 қазан сағат 08:00-ден бастап қаланың периметрі бойынша Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалаларының, сондай-ақ Қорғалжын, Астраханка елді мекендерінің бағыттары бойынша және азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ автокөліктердің тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру үшін халықаралық әуежайға кіре берісте (қала тарапынан) жеті блокпост қойылады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Ақорданың хабарлауынша, 1 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция көшбасшысы Эммануэль Макронның Қазақстанға ресми сапары өтеді.

2 қарашада Астанаға ресми сапармен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан келеді. Сапар барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-венгр ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мәселелерін талқылайды.

3 қарашада Астанада түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді. Іс-шараға мүше мемлекеттердің – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан басшылары қатысады. Сондай-ақ, саммит жұмысына Венгрия мен Түрікменстанның бақылаушы мемлекеттерінің көшбасшылары қатысады.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85