Көз жұмған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауы әлі белгісіз
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағандының Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқандар саны 46-ға жеткенін мәлім етті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды. Көз жұмған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауы әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптама жүргізіледі. Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс істеу қиынға түсті», - деді министр.
Сондай-ақ, ол шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
«Апаттың себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қираған», - деді Сырым Шәріпханов.
Айта кетейік, 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 45 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.
Осыған байланысты Қазақстанда 29 қазан – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.