Орман өрті: Абай облысындағы бүгінгі жағдай

Sarbaz.kz редакторы
13/06/2023 - 23:20

Фото: Ylvers by Pixabay

Фото: Ylvers by Pixabay

«Семей» орманы резерватында басталған алапат өрт әлі басылар емес. Екпінді жел өрт сөндірушілерге мүмкіндік бермей тұр. Бірнеше техника жанып кетті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше өрттің жалпы көлемі – 60 мың гектар. Оның 43 мың гектары әлі өртеніп жатыр. Өртті сөндіру 3 бағытта жалғасуда. Шығыста, ауыр техникамен сөндіру шаралары жүргізілсе, қалғаны жаяу және тікұшақтармен жүзеге асырылады.

ҚР ТЖМ ақпаратына сүйенсек, өрт сөндіруге ҚР ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1788 адам, 345 бірлік техника және 15 тікұшақ жұмылдырылған.

ҚР ТЖМ ақпаратына сәйкес өткен тәулікте әуеден 546 рет 1 500 тоннадан астам су төгілді. Өрт сөндіру жұмысы басталғалы бері әуеден 1323 рет жалпы көлемі 4000 тоннаға жуық су төгілген.

Пилотсыз ұшу аппараты арқылы өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алғаны байқалады. ҚР ТЖМ жедел іс-қимылдар мен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілмегенін хабарлады.

Ақорданың ақпаратына сәйкес, Успенский орманшылығының қаза тапқан 14 қызметкерінің отбасыларына көмек көрсету жүріп жатыр.

Бас прокуратура Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Құзырлы орындар орманға қасақана өрт қою дерегін тексеріп жатыр.

Облыс әкімдігі Бұлақ, Талица, Половинка ауылдарынан 463 адам көшірілгенін хабарлады. Тұрғындар Семей эвакуациялау пунктері мен Бородулиха ауылдарында орналасқан.

10 мауысымнан бері із-түзсіз жоғалған тракторшы Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Өңірлік ПД хабарламасы бойынша оның денесі өрт сөндіру орнынан 50 км жерден иісшіл иттердің көмегімен табылған.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша «Семей орманы» резерватына биыл 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ қаржы дер кезінде жетпеген. Бұл мәселені арнайы комиссия анықтайды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85