«Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде егемендікті сақтау ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі екенін мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек.
Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі.
Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер», - деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бұл күн – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күні екенін мәлім еткен.