«Атамекен» ҰКП алаңында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту перспективалары таныстырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
АШМ, СИМ өкілдері, қой өсіруші кәсіпкерлер cаланы дамыту мүмкіндіктері мен проблемаларын талқылады.
Қой шаруашылығы көптеген елде аграрлық саланың басым бағыты болып табылады. Қой етін өндіру және тұтыну бойынша әлемдік статистикада, жаһандық топ-өндірушілердің бестігіне Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия, Түркия, Алжир кіреді. Әлемдегі ең ірі экспорттаушы — Австралия (503,6 мың тонна) болса, импорттаушы ел — Қытай (357,8 мың тонна).
Әлемде қой етін өндірушілер рейтингінде Қазақстан 1,2% үлеспен (жылына 155,4 мың тонна) 16-орында. Елімізде қой басының өсуі 2018 жылдан басталды. Алайда 90-жылдармен салыстырғанда, бұл көлем сол кездегі қой санының жартысы ғана. Елде қой шаруашылығымен негізінен оңтүстік өңірлер (58,9%) айналысады, асыл тұқымды қой шаруашылығымен 7 орталық жұмыс істейді.
Қазақстандық қой еті негізінен Өзбекстанға 78,6% (8, 1 мың тонна), БАӘ —18,9% (1, 9 мың тонна), Кувейтке — 2,1% (216 тонна) экспортталады. Экспорттаушы өңірлердің үштігіне Түркістан облысы (79,2%), Жамбыл облысы (8,8%) және Алматы облысы ( 4,5%) кіреді.
Қазақстан үшін қой етін экспорттаудың перспективалы нарықтары Қытай (350 мың тонна) және Парсы шығанағы елдері (100 мың тонна) болып отыр. Қытайдан бөлек, қой еті нарығы өсіп келе жатқан негізгі тұтынушы елдер — Судан, Иран, Өзбекстан, Алжир, Түркия, Оман, Тәжікстан, Йемен және Әзербайжан.
Алайда қазақстандық экспорттық қой етінің құны жоғары сапасына қарамастан, басқа өндірушілердің бағасына қарағанда ұтымды болмай тұр. Бұл ретте, мал шаруашылығын арзандату және қолдау үшін 2023 жылы 107, 6 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде қой шаруашылығына — 20,8 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 5000 мал орнынан мал бордақылау алаңын салуға жұмсалған шығыстардың 25%-на дейін өтеу көзделген.
Ұлттық палата мамандарының айтуынша, мемлекеттік қолдаудың негізгі үлесі селекциялық және асыл тұқымды жұмыстарды субсидиялауға тиесілі. Бұл шара тұқымды жақсартуға оң әсер етеді, бірақ олардың санын арттыру үшін тиімсіз. Бұл ретте бос жатқан жайылымдық жерлер Қазақстанда қой санын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қой шаруашылығын қарқынды дамыту үшін 2030 жылға дейінгі салалық бағдарламасын қабылдау және жеңілдетілген қаржыландыру үшін қаражат жоспарлау ұсынылды.
Сонымен қатар қой өсірудің бұрынғы әдістерін қолданудың төмен тиімділігін ескере отырып, бүгінде австралиялық қой өсіру әдісін қолдану қарастырылып жатыр. Тұтастай алғанда, бұл әдіс жайылымдарды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді, технологиялық инновациялар, генетика және тұқымдық түрлендіру, ветеринарлық күтім және елде қой шаруашылығын сапалы жақсартуға мүмкіндік беретін басқа да жаңашылдықтарды қамтиды.
Кездесуде бизнес өкілдері тарапынан Қазақстанда қой шаруашылығының тиімділігін арттыру бойынша көптеген ұсыныс айтылды. Негізінен, терең өңдеу орталықтары, ет комбинаттары, өнімді өткізу базарлары, мал қорымдарын және т. б. құру керектігі айтылды.
«Бүгін көп ұсыныс айтылды, барлығын қарастырамыз. Елде етті терең өңдеуді дамытуды қолдаймын. Бірақ шаралардың экономикалық орындылығына сүйену керек. Біз саланы ескі әдістермен дамыта алмаймыз, қазірдің өзінде қалыптасқан заманауи өндіріс технологияларына көшуіміз керек. Мал шаруашылығын дамытуды қолдайтын боламыз, АШМ қазір жеңілдетілген қаржыландыру үшін жобаларды белсенді іріктеп жатыр. Шығын тәуекелдерін азайту үшін әрбір жоба мұқият іріктеліп, оны іске асыру үшін тұрақты бақылау жүргізілетін болады», — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.