Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды

Sarbaz.kz редакторы
17/10/2023 - 15:45

Қытай елінің басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды. Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Содан кейін мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды

 Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті.

─ Қазақстан Сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде Сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Сіздің дана басшылығыңызбен Қытай әлемдік жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына жетуге батыл қадам жасап келеді, – деді Президент.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.

Екі күндік ресми сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен келіссөздер жүргізеді, сондай-ақ жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының III форумына қатысады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орнатылған Әбу Насыр Әл-Фараби бюстін салтанатты түрде ашады.

Бұдан бөлек, сапар аясында Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді.

×

Редакция

$ 495.95  524.37  4.98