Өрт ошақтарына көлемі 60 тонна су төгілді
Ақмола облысы «Қорғалжын қорығы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қамыс өртеніп жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомстваның мәліметінше, Шалқар ауылынан 35 шақырым жерде орналасқан «Қорғалжын қорығы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы өртті сөндіру жұмысы жалғасуда.
«Орман шаруашылығының ақпараты бойынша алдын ала жану алаңы 25 га құрады. Ашық жалын байқалмайды, жеке ошақтар бықсып жатыр», - делінген хабарламада.
Өртті сөндіруе ТЖ департаментінің және орман шаруашылығының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Сондай-ақ жалынды оқшаулауға Қазавиақұтқару тікұшағы да тартылды. Сөндіру жұмысы басталған сәттен бастап өрт ошақтарына көлемі 60 тонна су төгілді.