Оның мәйіті 6 қазанға қараған түні Щучинскідегі теміржол бойында табылған
Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Ақмола облысының Щучье қаласында болған студенттің өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Кінәлілер заң талаптарына сай жауапқа тартылуы керек. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, 6 қазанға қараған түні Щучинскідегі теміржол бойында Жоғары техникалық колледждің 4-курс студенті өлі табылған болатын.
Марқұмның аты-жөні – Роман Бодагов. Полиция мәліметінше, оның мәйіті Бурабай курорты мен Жамантұз арасындағы учаскеде теміржол бойында табылған. Қайғылы оқиғаға байланысты Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша соталды тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.