Израильдегі ХАМАС шабуылы кезінде 12 таиландтық, 10 непалдық азамат қаза тапты

8 тайландтық жарақат алып, 11-і тұтқынға түсті

Sarbaz.kz редакторы
09/10/2023 - 23:43

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Израильдегі ХАМАС содырларының шабуылынан Тайландтың 12 азаматы қаза тапты. Бұл туралы Тайланд Сыртқы істер министрлігінің өкілі мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

8 тайландтық жарақат алып, 11-і тұтқынға түсті.

Израильде барлығы 30 мыңға жуық Тайланд азаматы тұрады. Олардың шамамен 5 мыңы Газа секторының жанында жұмыс істейді. Израиль билігі жексенбіден дүйсенбіге қараған түні олардың кейбірін қауіпсіз аймақтарға эвакуациялаған.

Сондай-ақ Непалдың 10 азаматы көз жұмды. Тағы бір непалдық жоғалып кетті. Непал Сыртқы істер министрлігі жараланғандар отандастарының саны әзірге белгісіз екенін хабарлады.

Дүйсенбі күні Непалдың премьер-министрі Пушпа Камал Дахал ел азаматтарын Израильден қайтару жолдарын талқылау үшін үкімет мүшелерін арнайы отырысқа шақырды.

Сенбі күні Газа секторынан Израильдің оңтүстік және орталық аудандарына зымыран шабуылдары болды. Газадан Израиль аумағына жүк көліктерімен ондаған палестиналық содыр басып кірді. Өз кезегінде Израиль қорғаныс армиясы «Темір қылыштар» операциясының басталғанын жариялады. Израиль билігі бұл елдің соғыс жағдайында екенін ресми түрде мәлімдеді.

Газа секторының жанында шайқас әлі де жалғасуда. Оның ішінде Сдеротта Израильдің элиталық әуе-десанттық бригадасы «Цанханим» қаланы содырлардан тазартуға күш салып жатыр.

Соңғы мәліметтер бойынша, Израильде қаза тапқандар саны 700-ден асты, ауруханаларға 2,3 мыңнан аса адам түскен. Құрбан болғандардың арасында бейбіт тұрғындар мен ондаған полиция мен әскери қызметкерлер бар.

Газа секторындағы құрбандар саны 493-ке жетті. 2 750-ден аса адам жарақат алды.

×

Редакция

$ 478.96  533.03  5.22