Жыл басынан бері меморгандарға 95,4 млн кибершабуыл, 3000 DDoS-шабуыл жасалған

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ҰҚК жұмысының басым бағыттарының бірі

Sarbaz.kz редакторы
13/07/2023 - 22:45

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Жыл басынан бері мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарына 95,4 миллионнан астам кибершабуыл мен 3000 DDoS-шабуыл жасалған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Оның айтуынша, елдегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмысының басым бағыттарының бірі.

«Еркін айналымдағы ақпараттың ел қауіпсіздігіне, оның саяси, экономикалық, қорғаныс және басқа да салаларына ықпалының артуына байланысты бұл бағыттағы жұмыс уақыт өткен сайын өзекті бола түсті. Автоматтандыру үдерістерінің қарқынды дамуы, ақпараттық технологиялардың қазіргі өмірдің барлық саласына енуі ресурстар мен деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Әсіресе, хакерлер мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарына ерекше «қызығушылық» танытады. Тек осы жылдың басынан бері қарай 95,4 миллионнан астам кибершабуыл мен 3000 DDoS-шабуылдың беті қайтарылғанын айтсам жеткілікті шығар. Олар интернет желісінің отандық сегментіндегі қорғалған мемлекеттік және өзге де ресурстарға заңсыз қол сұғуды көздеген болатын», - дейді сұхбат барысында Ермек Сағымбаев.

Оның сөзінше, ҰҚК мен басқа да мемлекеттік органдар іске асырған «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасы елдің ақпараттық кеңістігін кешенді қорғауға бағытталған. Ол ұйымдастырушылық және техникалық шаралармен қамтамасыз етілген.

«Тәулік бойы Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы қауіп-қатерлерді анықтайды және тиісінше әрекет етеді. Сонымен қатар интернет желісінде атақты адамдар мен шенеуніктер атынан жасалған «үндеулері» бар жалған бейнелер тараған кезде «Deep Fake» технологиясы көмегін тигізіп жатыр», - дейді ҰҚК төрағасы.

Айта кетсек, бүгін – Ұлттық қауіпсіздік комитеті күні.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85