Бұл мереке 2016 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді
Бүгін - елімізде Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Бұл мереке 2016 жылдан бері жыл сайын аталып өтеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Тарихқа жүгінсек, Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібі кеңестік кезеңде құрылған. Республика аумағында қарулы күштердің көптеген саласына қарулар мен түрлі жабдықтар дайындайтын қорғаныс өнеркәсібіне қарасты 50 шақты кәсіпорын орналасқан болатын. Аталған саланың ірі орталықтары Алматы, Петропавл, Орал және Өскемен қалаларында шоғырланды. Мұнан бөлек, Семей жеріндегі сынақ алаңы мен бірқатар комбинаттар ядролық қару өндірісінде маңызды орын алды. Ал Қызылорда облысында әлемдегі ең алғашқы ғарыш кешені – Байқоңыр айлағы орналасты.
Бүгінде еліміздің қорғаныстық-өнеркәсіптік кешеніне 40-тан астам кәсіпорын кіреді. Еліміздің қорғаныс өнеркәсібін дамытудағы басым бағыт – 3D секілді жаңа технологияларды, ақпараттық технологиялар мен композиттік материалдарды пайдалана отырып, жоғары технологиялық әскери техника мен қару түрлерін шығару және енгізу.
Қазақстанның қорғаныстық-өнеркәсіптік кешеніне қарасты кәсіпорындар жыл сайын халықаралық «Армия» форумына қатысып, экспорттық потенциалға ие өнімдерін – қарулар мен әскери техниканың жаңа түрлерін таныстырып келеді. Мәселен осыған дейін өткен форумдардың бірінде еліміздің кәсіпорындары жүздеген жаңа үлгінің тұсаукесерін жасады. Мысалға, «КАЭ» ЖШС-ға қарасты электронды-оптикалық өнімдер шығаратын зауыт тепловизиялық приборлар мен радиобайланыс құралдарына арналған инфрақызыл линзалар апарса, Киров атындағы зауыт полигонға арналған универсалды қондырғылардың жаңа түрлерін, «Семей инжиниринг» кәсіпорны Т-72 танкі және БМП мен БТР-80 техникалары базасына орнатылған танктерге қарсы қолданылатын модернизацияланған және конверсиялық техникалар, сондай-ақ жөндеу-эвакуациялық және барлау-бақылау машиналары макеттерін ұсынды. Ал «Тыныс» АҚ авиация өндірісіне арналған жабдықтар мен жаяу әскерлерге арналған бронжилет, шлем, қорғаныс плиталары секілді өнімдерді көрсетті.
Қорғаныс өнеркәсібі кешені көптеген мемлекеттерде экономиканың локомотиві саналады. Бұл сала дамыса жалпы мемлекеттің дамуына, оның қауіпсіздігі мен халықаралық қоғамдастық алдындағы беделіне айтарлықтай әсер етеді. Осы саладағы кәсіпорындардың басын қосатын «Қазақстан инжиниринг» холдингінің орны ерекше екенін айта кеткен жөн.
Sarbaz.kz редакциясы қорғаныс өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді, еңбегі сіңген ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, баршаңызға зор денсаулық, мол табыс, жаңа бастамалар, тың идеялар тілейді!