Ақтауда республикалық «Толағай» алыптар сайысы өтті

Сайыста 15 алып денелі спортшы бақ сынады

Sarbaz.kz редакторы
04/10/2023 - 21:25

Ақтауда қала әкімдігі мен Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен республикалық «Толағай» алыптар сайысы өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Республикалық сайысқа Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысынан барлығы 15 спортшы қатысты. Олардың жетеуі әртүрлі спорт түрінен спорт шебері болса, екеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Шараның ашылу салтанатына Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары! Республикалық «Толағай» алыптар сайысының қатысушылары! Ақтауға қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бойынша Ақтау қаласында көптеген спорттық іс-шара өткізілуде. Өскелең ұрпақ осы спортшыларға қарап бой түзейді. Барлық жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін», - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.

Сайыс ережесі бойынша қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті. Атап айтқанда, 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 141 келі табиғи тасты көтеріп жүру, ұзындығы 150 см, диаметрі 16 мм арматураны мойынға қойып ию, ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 келі арбаны сүйреу, ұзындығы 150 см, салмағы 10 келі ұшы темір, табиғи ағаштардан жасалған найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті. 

«Толағай» алыптар сайысы Ақтау қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарыстың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту. Алыптар сайысына қолдау білдірген Ақтау қаласы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін», - деді бас төреші Тимур Спатаев.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. ІІІ орынды және 400 000 теңге жүлде қорын жаңаөзендік пауэрлифтингтен спорт шебері Бекен Мұхаммедов иеленді. ІІ орынды және 600 000 теңге жүлде қорын атыраулық пауерлифтингтен әлем чемпионы  Эдуард Қабдешев еншіледі. Ал пауерлифтингтен жаңаөзендік спорт шебері Ерсейіт Бралин 1 млн теңгеге ие болып, республикалық алыптар сайысының жеңімпазы атанды.

Тегтер

×

Редакция

$ 471.83  505.66  5.4