Астанада оқушыларға арналған күзгі әскери-патриоттық жиын өтіп жатыр

Sarbaz.kz редакторы
04/10/2023 - 00:13

Елорданың №68665 әскери бөлімінде мектептердегі «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиеленушілеріне арналған «Жас сарбаз – күзгі патриоттар мекені» әскери-патриоттық жиынының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Үш күнге жалғасатын іс-шараға Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінен барлығы 150 оқушы қатысуда. Көп ішінен іріктеліп алынған үздіктер қашықтыққа граната лақтыру, арнайы кедергілерден өту, арқан тарту, кермеде тартылу секілді әскери-эстафеталық сайыстар бойынша бақ сынайды. Сайыс жеңімпазы арнайы жолдамаға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған әскери-патриоттық дала жиыны жыл сайын көктем мен күзде екі мәрте өтіп тұрады. 2018 жылы алғаш рет өткен жарыс биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

«8-11 сынып оқушылары әр мектепте арнайы пән бойынша алғашқы әскери дайындықтан өтетінін белгілі. Біздің мақсатымыз – олардың сол білімдерін одан әрі толықтырып, әскери бөлім базасында іс-тәжірибеден өткізу. Осы арқылы олардың жігерін жанып, рухын оятып, отансүйгіштікке баулу. Бұл іс-шаралар жастарымызды кәсіби бағыттауға, әскери мамандарымыздың сабын толықтыруға септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Астана қаласы әскерге шақыру комиссиясының мүшесі Ғани Артықов.

«Күзгі әскери-патриоттық ойындар жыл сайын ұйымдастырылады. Мақсат – жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулу, әскери өмірдің қыр-сырымен таныстыру. Биылғы әскери-эстафеталық сайыстарға 7 команда қатысады. Әр командада 15 ұл, 5 қыз бар. Эстафета жеңімпаздары келесі жылы өткізілетін «Айбын» республикалық дала жиынына жолдама алады», – дейді «Жас сарбаз» жаcөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

«Бүгінгі жарысқа 28 оқушының арасынан үздік нәтиже көрсетіп жүрген 5 оқушыны алып келдім. Оқушыларымның арасында болашағын әскери саламен байланыстыруды көздеп отырғандар бар. Бүгінгі іс-шара оларға жақсы дайындық болмақ», – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Аркен Ташубаев.

Әскери-патриоттық ойындардың ашылу салтанаты концертпен сүйемелденді. Одаң соң оқушыларға жауынгерлік қару-жарақ пен техниканың түрлері көрсетілді.

 

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41