Қазақтар мен итальяндар: 5 ұқсастық және 5 айырмашылық

Тілі, діні, дәстүрі бөлек екі елге ортақ дәстүрлер де бар екен

Sarbaz.kz редакторы
03/10/2023 - 21:22

Тілі, діні, дәстүрі, тарихы мен менталитеті бөлек қазақтар мен итальяндарға ортақ дәстүрлер де бар екен. Бұл туралы журналист Айжан Көшкенова Италияның оңтүстік өңірін аралаған кезінде көз жеткізгенін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Айжан Көшкенованың жазбасындағы қазақ пен итальяндардың 5 ұқсастығы мен 5 айырмашылығын оқырман назарына ұсынамыз.

Ұқсастық:

  1. Жылқы еті (carne di cavallo in pignatta) мен бауырсақ (Pettole, pittule). Леччеде бұқтырылып пісірілген жылқы еті ұсынылады. Италиялық «бауырсақтар» дастарханға жиі қойылады. Ұсақтап туралған, шоколад құйылған тәтті түрі де бар.
  2. Қойдың басынан бөлек тағам – pignata di pecora жасайды. 
  3. Қонақтан қайтқанда әртүрлі тәттіден сарқыт береді. Үйлену тойда қонақтарға сыйлық жасайды. Тойбастар италиялықтарда – bomboniere. Олар шағын шкатулка, бөлмеге қоятын декорациялық бұйым, ас үйге арналған шағын зат сыйлауы мүмкін. Сыйлық міндетті түрде әшекейленіп, оралады. Кәмпит қосылады. Бұл – Рим империясынан келе жатқан бағзы дәстүр. Екі халық та – қонақжай.
  4. Қонақ келгенде дастарханына барын қояды. Оңтүстік Италияда кейде 4-5 ыстық тамақ берілуі мүмкін.
  5. Әке-шешеге құрмет, әсіресе ананың – «mamma mia» орны бөлек. Атақты Ф.Копполаның «Өкіл әке» фильмінде балаларына әке бола алмаған, өз отбасын ұмытқан адам ер жігіт саналмайтынын айтады. Ер адамдар 30-40 жасқа дейін аналарымен бірге тұру да – қалыпты жайт.

Айырмашылық:  

  1. Итальяндар қатты әрі көп сөйлейді. Туристер емес, өздері  көбірек баратын мейрамхана, дәмханалар – араның ұясындай. Пандемия кезінде аздап саябырсыды. Олар әңгілемескенді жақсы көреді. Кез келген жерде шүйіркелесе кетеді.
  2. Эмоцияларын жасырмайды. Италиялық ерлі-зайыптылар кейде бір нәрсеге келіспей қалса, бір-бірімен ұрсысқанда жиі айтатын сөздері: «Amore mio!» («Махаббатым менің!»).
  3. Жалпы, «мен сені жақсы көремін» дегеннің екі нұсқасы бар: біріншісі ғашықтар бір-біріне айтатын «ti amo», екіншісі достар, туыстары, жақындары бір-біріне айтатын «ti voglio bene». Дастархан басында достардың бір-біріне «ti voglio bene»  деп еміреніп отырғандарын жиі көрдім. Айтпақшы, бір қызығы туыстары, достарына қимайтын «ti amo»-ны олар көлігіне, футбол командасына, еліне қаратып та айтуы мүмкін. Өйткені онда буырқанған сезім жатыр.
  4. Көшеде қол ұстасқан, қоғамдық көлікте сүйіскен жұптарды көп көресің. Жас болуы міндетті емес. Тіпті бір отбасында қонақта болғанда бозбала әке-шешесі, әжесінің көзінше дастархан басында қызымен сүйісіп отырды. Бір қызығы, жазғырмақ түгілі оларға мән берген адам жоқ. Өздерінен: «Бұл қалай?!» - деп сұрағанда: «Адам бір-бірін жақсы көрсе, неге ең жылы сезімін, махаббатын жасыруы керек?» - деп қарсы сұрақ қойды.
  5. Бір көрген адамыңды қанша рет көрсең, сонша рет амандасуың керек. Мысалы, таңертең әріптесіңді көріп, оны түсте, кешке, он рет көрсең де, соншалықты сәлемдесіп, бетінен сүймесең де, жоқ дегенде «чао!» деу керек. Кетіп бара жатқанда да солай. Егер олай жасамсаң, дөрекілік саналады. Жақын адамдар беттерінен жиі алма-кезек сүйіп жатады. Пандемия кезінде індет «Италияда неге көп тарады?» дегенде, біреулер олардың қоғамдағы ашықтығымен, бір-біріне жақындығымен түсіндіріп жатты.

Тегтер

×

Редакция

$ 472.57  508.34  5.4