Жамбыл облысындағы жағдай: жарылған снарядтан екі офицер жараланды

26 жастағы офицердің аяғы сынған

Sarbaz.kz редакторы
03/10/2023 - 18:15

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Қарудың дұрыс атылмай, үш жауынгер жазым бола жаздады. Жамбыл облысындағы «Айша бибі» әскери полигонында снаряд жарылып, офицерлер жарақат алды. Ауруханаға жедел жеткізілген Ұлттық ұланның бір жауынгері Шымкентке жіберілсе, енді бірі Тараздағы жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, 26 жастағы офицердің аяғы сынған. Ота жасалған қос жауынгердің беті бері қарады дейді дәрігерлер.

Тараз маңындағы полигонға жауынгерлер Ұлттық ұланның Шымкенттегі әскери бөлімінен келген. Оқу-жаттығу жиыны кезінде кенет артиллериялық қарулардың бірі дұрыс атылмай, 82 милиметрлік снаряд офицерлердің қасына құлаған.

Қазір әскери полиция осы оқиғаға қатысты тергеуді бастады.

«Оқу-жаттығу кезінде артиллериялық қаруды жоспарлы ату кезінде снаряд жарылды. Тергеуді Тараз гарнизонының әскери полициясы жүргізіп жатыр. Ал минометтердің барлығы қолдануға жарамды. Қанағаттандырарлық күйде. Офицерлер жарақатынан жазылған бойда қатарға қайта қосылады», - дейді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 6506 әскери бөлімінің командирі Марат Рахпанов.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91