Javelin – жоғары технологиялы, нәтижелі танкке қарсы қарудың түрі
FGM-148 Javelin әлемге әйгілі танкке қарсы қарудың тағы бір түрі. Бұл қару танкке қарсы зымырандардың үшінші буыны ретінде саналады. Sarbaz.kz тілшісі жойқын қару түріне шолу жасап шықты.
JAVELIN ДЕГЕН НЕ?
FGM –148 Javelin (ағылш. Javelin – найза) бұл АҚШ-тың 1996 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Lockheed Martin компаниясы шығаратын танкке қарсы кешен. Қақтығыс кезінде төмен биіктегі және жылдам ұшатын аппараттармен күресуге арналған.
JAVELIN ҚАЛАЙ ЖАСАП ШЫҒАРЫЛДЫ?
Javelin – танкке қарсы қару өндіру бойынша көпжылдық тәжірибенің нәтижесі. О бастағы басты мақсаты ескірген Dragon зымырандарын алмастыру болатын. Кешеннің тактикалық-техникалық талаптарының бастысы – жүйе операторының өміршеңдігін арттыру.
Javelin жүйесі негізгі екі бөлімнен тұрады: командалық ату блогы және контейнердегі зымыран.
Зымыранның жоғарғы бөлігі инфрақызыл нысандау техникасымен жабдықталған. Зымыранның басты ерекшелігі – нысанаға жоғарыдан шабуыл жасайды.
Ату кезінде көздеуіш арқылы нысанаға алып, зымыранды ұшырады. Атқыштың өміршеңдігі нысанаға шабуыл жасау уақытын максималды түрде азайту арқылы жүзеге асырылған.
Javelin әлемдегі кез-келген танкті жоюға қабілетті жүйелердің бірі болып саналады. Javelin түтін арасынан «көруге» қауқарлы, сол сияқты өзінікіне ұқсас инфрақызыл тұзақтарды өз нысанасынан ажырата алады. Динамикалық қорғанысы бар танктерді жою үшін тандемдік типтегі кумулятивті оқтұмсықпен жабдықталған.
Кешеннің артықшылықтары:
Зымыран «ату және ұмыту» қағидаты бойынша жұмыс істейді; зымыран инфрақызыл нысандау арқылы жұмыс істейді және нысанаға ұшу кезінде толық түрде дербес әрекет етеді; кешен түтін, тұман және электронды күрес құралдарынан қорықпайды кешен жеңіл әрі тасымалдауға қолайлы; кешен шағын үй-жайлардан атуға жарамды.Кемшін тұстары:
Атыс қашықтығы небәрі 2,5-3 км; Құны қымбат – 245 мың доллар; нысана оператордың көру аймағында орналасуы керек.ҚОЛДАНАТЫН ЕЛДЕР
Иракта, Ауғанстанда және Сирияда жауынгерлік әрекеттер мен арнайы операцияларда қолданылған.
Сонымен қатар, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басынан бастап кеңінен қолданылады. Сарапшылар кешенді қолданудың жоғары нәтижелілігі мен оны қолдану тактикасының ерекшелігін атап өтті. Осы қақтығыста Javelin көмегімен Ресейге тиесілі біраз танк жойылды деген де ақпарат бар.
АҚШ барлау агенттіктерінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың 2 наурызындағы жағдай бойынша атылған 300 зымыранның 280-і атылып көздеген нысаналарын жойды. Егер бұл мәліметтер рас болса, Javelin 93% нәтижелілікті көрсетті.
Негізгі техникалық сипаттамалары:
Салмағы: зымыран (тасымалдау-ату контейнерінде) – 15,5 кг; командалық-ату блогы – 6,8 кг; зымыранның ұзындығы: 120,9 см; калибр: 127 мм; жылдамдығы: нысанаға жоғарыдан шабуыл кезінде 100 м/с; минималды тыс қашықтығы: 65 метр (тура ату), 150 метр (жоғарыдан шабуыл) максималды ату қашықтығы: 3000 метр. тесу деңгейі - кем дегенде 600 мм.