«Ажалдан төрт мәрте аман қалған»: капитан Ысақов атасының ерлігі туралы айтты

«Маршал Малиновский» атанған Ысақ Айыпұлы ІІІ Беларусь бағытының әскерлері қатарында елеулі ерлігімен көзге түскен

Нұрдәулет Кәкіш

Фашистерді Берлинге дейін қуып, қан майданның қақ ортасында қаһармандық танытқан Ұлы Отан соғысының ардагері Ысақ Айыпұлының немересі, Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүрген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы, капитан Мейіржан Ысақов атасының ерлігі жайлы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Ысақ Аюпов 1924 жылы 12 наурызда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қабыланбек ауылдық округі Ташқұлақ ауылында өмірге келген. Ол аталған ауданға қарасты «Красный Восток» колхозындағы орта мектепте жеті жылдық білім алған. Кейін колхоз жұмысына білек сыбана кіріседі.

Балаң шағынан еңбекке ерте араласқан Ысақ шымыр әрі елгезек болып ер жетеді. 1942 жылы тамыз айында аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанады. 1944 жылдың қараша айына дейін соғыс майданында 274-атқыштар полкінде қызмет етеді. Сұрапыл соғыс жылдарында Берлинге дейін аяқ басып, Рейхстагқа жеңіс туын тігуге өлшеусіз ерлік қосқан.

Кескілескен шайқаста төрт рет оқ тиіп, жараланыпты. Алайда жүрегінің түгі бар жан артқа шегініп, босаңсып көрмепті. Ысақ Айыпұлы маршал Малиновскийдің дивизиясында жауынгер болған. Маршал Малиновскийдің құрметіне ауыл азаматтары Ысақ ақсақалды «Маршал Малиновский» деп атап кеткен екен.

Ұлы Отан соғысының ардагері ІІІ Беларусь бағытының әскерлері қатарында елеулі ерлігімен көзге түскен. 1944 жылы қараша айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін 185-атқыштар полкінде қызмет атқарған. 1944 жылдың мамыр айынан 1945 жылдың желтоқсан айына дейін бөлім командирі атанады. 1945 жылдың желтоқсан айынан 1947 жылдың ақпан айына дейін 597-атқыштар полкінің командирі болса, 1947 жылы 3 наурызда туған жеріне оралады.

Ауылына оралған Ысақ Айыпұлы «Красный Восток» колхозының Ворошилов ауылында жүргізуші болып жұмыс атқарады. Немересі Мейіржанның әскери саланы таңдауына Ысақ Айыпұлы себепкер болыпты. 

«Мен атаммен бірге тұрдым. Өрістен қозы-бұзауды айдап әкеліп, үйге қолғабыс жасайтынмын. Сол уақытта атамнан соғыстағы оқиғаларын сұрайтынмын. Атам да тәптіштеп құдды сол оқиғалар күні кеше болғандай баяндап беретін. Әрбір оқиғаны естіп алған мен жалғыз қалғанда қиял әлеміне шомып кететінмін. Артынша ағаштан мылтық жасап, ауыл балаларымен атысып ойнайтынбыз. Осылайша, мен әскери салаға ерте жастан әуес болдым. Бір жолы атам төрт рет ажалдан қалай аман қалғанын айтып берді. Жауынгер сол уақытта қаруластарымен бірге қалса, жағдай басқалай болар ма еді?! Атам жарықтық «егер арқаны кеңге салып, тыныққан болсам, жаным жаһаннамға аттанар еді» деп еске алып отырушы еді», – деді 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы Мейіржан Ысақов.  

Оның айтуынша, «бір мезет тынығып алсаңшы» деген қаруластар сөзіне құлақ аспаған Ысақ ротасынан қашықтау жердегі қарауыл жаққа беттейді. Жауынгерлермен күрделі тапсырмалар орындаған ол арқасын ауыр жүк басқандай шаршаңқы күйде болған. Дегенмен қызметке деген адалдық оның бойынан еш уақытта арылмаған. Табиғатынан төзімді һәм қайратты, тепсе  темір үзетін азамат үшін Отан алдындағы борышын адал өткеру межелі мақсаттарының бірі болған. Қарауыл нысанына адымдап жеткені сол еді, әп-сәтте түнгі аспанды жарқ етіп, от шықты. Сайып келгенде ол от емес, зеңбірек оғы еді. Жау зеңбірегінен атылған снаряд Ысаққа «демал» деп жанашырлық танытқан қаруластары тұрақтаған үй-жайын әп-сәтте жайратып салады. Қайсар қайтпас майдангер Мейіржанға «Ажалдан төрт мәрте аман қалдым» деп жиі айтқан екен. Бұл Ысақ Айыпұлы туралы немересінің есінде қалған бір ғана оқиғасы болса керек.

Ысақ Айыпұлы ІІ дәрежелі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сондай-ақ Кеңес Одағының маршалы «Г.К. Жуков медалімен» марапатталған. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарына ие болған. Ардагер 1982 жылы зейнеткерлікке шығып, 2003 жылы 9 маусым күні дүниеден өткен.

Биыл – майдангердің 100 жылдығы. Атаулы датаны Ысақ Айыпұлының отбасы ғана емес, ауыл жұрты атап өтті.

__Последние новости

  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Бүгін, 10:21
Админ
  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

Кеше, 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28