«Изоляторда комада жатқандарға олар о дүниеге қиналмай кетуі үшін уақытында жансыздандыру дәрісін егетінбіз»
1984-1986 жылдары Ауғанстанның Пули-Хумри қаласы маңындағы КСРО-ның әскери госпиталінде медбике болып қызмет еткен Бақыт Қалиева сол кездегі жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Госпиталь үлкен ауыл сияқты еді. Ол жерде хирургиялық, инфекциялық, терапевтік бөлімшелер болды. Біз соның жанында үлкен ағаш үйде тұрдық. 80 орындық хирургия бөлімшесінде жалғыз медбикеден кезекшілік еттік. Бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демалдық. Әрине, жұмыс қиын болды. 4 хирург қызмет атқарды, оның бірі – госпиталь бастығы, енді бірі бет-жақ хирургі дегендей. Ол жақта күн өте ыстық. Ауа температурасы +65 градусқа дейін көтерілді. Сағат түскі 12.00-ден 16.00-ге дейін дәрігерлер түскі асқа кететін. Егер тыныштық болса, түнгілікте өздерінің бөлмелерінде демалады. Олар нағыз әскери дәрігерлер болды. Жаралыларды әкелгенде олардың жарасы кішігірім болса, дәрігерлерді артық мазаламауға тырысатынбыз. Ота жасайтын орын, жансақтау бөлімі болды. Офицерлердің бөлек палатасы болды. Олардың палатасының бір артықшылығы онда теледидар тұратын. Соның бәріне бір медбике қарайтын. Әрине, өте ауыр. Бірақ бізге басшылық «әлсіздік танытпаңдар, жас балаларға көз-жастарыңды көрсетпеңдер» дейтін. Қазір еске түссе, соның бәрін қалай жасағанбыз деп таңқаламын, - деді Бақыт Қалиева Sarbaz.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Госпитальға әскерилер әртүрлі жарақатпен түскенін айтады.
«Әртүрлі жарақат алғандар келіп түсетін. Біреуі есін білсе, енді бірін ес-түссіз келеді. Үсті-бастары қан-жоса. Мина жарылып, аяқ-қолынан айырылғандар, кеудесі, бас сүйегі зақымданғандар болды. Оның бәрін түсінген адамға өте ауыр. Дәрігер тағайындаған ем-домды жасаймыз. «Менің кезегімде ешбір адам өлмесе екен!» деп Құдайдан тілейтінбіз. Изоляторда комада жатқандарға олар о дүниеге қиналмай кетуі үшін уақытында жансыздандыру дәрісін егетінбіз. Дәрігерлер қай уақытта екпе жасау керектігін жазып қоятын», - деді медбике.
Жүктеме өте көп болғанын еске алған ол жағдайы өте ауырларға бірінші кезекте от жасалғанын, ал кезекте күтіп жататындары да аз болмағанын атап өтті.
«Таңғы сағат 9.00-ден келесі күнгі 9.00-ге дейін тыным таппай жұмыс істедік. Көз ілуге мұрсат болмады. Біреуге кислород жетпей тұрған сияқты, тағы біреу шақырып жатқан сияқты көрінетін. Кейде тыныш болғанда жұлдыздарға қарап, айналамды көрмеуге тырысып, үйде отырғандай елестететінмін. Бір күні «госпитальға қазақ түсіпті» деп естігенде қуанып, бірден барып, қал сұрастық. Тағы бірнеше қазақ баласы болды. Оларды көргенде туғандарымызды көргендей болдық», - деп еске алды медбике.
Оның айтуынша, Пули-Хумридағы бұл госпитальға қарсы тарап 1989 жылы шабуыл жасап, жарып жіберіпті.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы сілтеме арқылы көре аласыз.