«Ер адам болғанның батылдығы болар, жаным ауырса да көзімнен жас шықпады!»
Sarbaz.kz Ұлы Отан соғысы жылдары жазылған хаттардың бірін оқырман назарына ұсынады. Хат Oinet.kz басылымында жарияланған.
Хаттар келгелі топтасып қалыпты. Бір сыпырасын тексеріп, керегін алып, іске жарамсызын қоқысқа тастап отырдым. Хаттардың ішіндегі мына бір жазуға көзім түсті. «1942 жыл. Ленинград. 15-батальон», - деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін.
Қаншама жыл сақталған үш бүктеулі хатқа қарап отырып қалдым. Құдды бір сол жылдағы жауынгер іспетті. Бұл хат соғыс жылы жазылған, ал ол уақыттан бері қаншама жыл өтті. Қалайша ешқандай бұзылмай сақталған. Бұл қалай болуы мүмкін?
Жұмбақтап жасырылған хаттың ішінде не жазылғанын білгім келіп, бар ынтаммен оқимын деп шешім қабылдадым. Хатты ашқан кездегі иісті айтсаңызшы, бір кездері болады ғой, жаңбыр жауып топыраққа тиген бойда өзіндік иісін көрсететін. Дәл сондай ерекше қайталанбас иіс. Хаттың ішінде бір жайлылық бар секілді сезіндім. Әлгі хатты ашу үшін де қолыңның күші емес, рухыңның күші керек секілді болды.
Үш бүктелген хатты ашуға үш секунд уақыт кетеді ғой. Ал бұл жолы олай емес! Ішімде таңданыс құпиялы бір дүниелер болып жатты. Хатты аша бастаған уақытта көз алдыма соғыс туралы естігендерім құдды бір жанды дүние секілді көз алдымнан өтіп жатты.
«Балам Жанатай, аман сау денсаулықтың арқасында жүріп жатқан боларсыздар? Майраштың, апамның дендері сау ма? Ал мұнда бізден амандық білмек болсаңыздар, бізде аманбыз, өкімет пен партияның тапсырғанын ойдағыдай орындап жатырмыз. Қасымдағы жолдастарым аман. Амандық болса жауды құртып елге барамыз. Хайыр хош. Елдегі жандарға тегіс сәлем айт. Төмендегі адреске тез хат жазыңдар.
Ленинград. 15 батальон. 25 Маусым. 1942 жыл.
Бейсембаев Молдағали».
Бұл хатта менің әкемнің әкесінің есімі жазулы. Сонда қазір ол қайда? Соғыстан келмеді, сонда ол өлді ме? Қайда жан тапсырды?
Мүмкін емес секілді. Хаттың ішінде барлығы жақсы уайымдамаңыздар деген атам қазір қайда? Миымдағы сан мың сұрақ енді миымды жеп бара жатыр. Көз алдыма келген соғыстағы суық кезеңдерді көріп «Қарғыс атсын» дегім келді. Сонда бұл соғыс не үшін? Менің әкемді жетім қалдыру үшін бе?Мені әкесіз қалдыру үшін бе? Жанымды жегідей жеген әрбір жайт үшін ашуым алқымыма келді. Қаны мен жаны үшін арпалысқан әрбір ер адамның өз отбасы, сүйгені, бала-шағасы қалды. Олар қалай күнелтті. Жан ұшырған балапан құстың өз қорғаушысы болмаса, бірісіне жемтік болады. Ал адам баласы ол да тіршілік иесі.
Бұл хат соңғы хат болуы керек. Хаттардың ішін, тіпті архивтерді қарап шықтым. Оған дейінгі хаттардың барлығында әр түрлі жағдайлар баяндалған.
«Ең бастысы біз аманбыз. Жанымдағы жолдастарым көз алдымда оққа ұшып, қан жуса болып жатқанда, менің қолымнан ешнәрсе келмегені үшін жаным, ішім ашиды. Тіпті, кейбір достарымды таба алмай жүрмін. Ең бастысы, аман болса екен деп жүрмін», - деп жазған хатын оқыдым.
Ер адам болғанның батылдығы болар, жаным ауырса да көзімнен жас шықпады!
Дәл осы уақытта әкем де бөлмеге кіріп келді. Қолымдағы хатты көріп, - «еһһ, балам», деп күрсінді, - Сен де өз ойыңның төрешісісің, қолыңа түскен хаттың ғұмыры ұзақ болған секілді, әкемнің ғұмыры менің жанымда тіпті ұзақ болмады», - деп күрсініп айтты.
Сол уақытта төбемнен бірісі келіп, суық суды төккендей күйде қалдым. Әкемнің әкесіне деген сағынышы дәл осы сөздің ауырлығындай екенін ұқтым. Әкемді алпауыт ауырлық басқаны, сырласудың орнына мұңдасқаны жанына батқан секілді. Ішіндегі сырын, сағынышын ауызбен айтып жеткізбесе де, ішінен іш құса болып отырғанын сезгендеймін. Бұл жағдайдан кейін атамнан хабар келмеген екен.
«Қалайша? Неліктен? Сонда менің атам қайда қалды? Әлде, мүмкін біздің мекен жайымызды ұмытып қалған болар. Әке сіз іздестірмедіңіз бе?» - деп сұрақтың астына алғандай көзқараспен әкемнің жанарына үңіліп қарадым.
Бір кезде әкем көзімде болған сұрақтарды оқығандай.
«Қолыңдағы хат бізге келген ең соңғы хат, одан соң комитетке, почтаға талай рет барып табанымды тоздырдым. Бірақ, жоқ, Әкемнен ешқандай хат та, хабар да келмеді. Тіпті іздестіру үшін өтінім хат та жаздым. Ол жақтан тек менің ғана емес, біраз ауыл ерлері қайта оралмады. Келгендерінің өзі аяғы немесе қолы, көзі жоқ болып келді. Қаншама жылдар өтсе де, әкеге деген сағыныш өзегімді өртейді. Тым болмаса өмірден өтіп кетсе де, мәйітін туған жерге әкелу, осы топырақ, жер үшін күрестің, енді сол топыраққа құрышыңды қандыр. Енді егеменбіз, бейбіт елміз дегім келеді. Оны көру бұйырмаған сыңайлы, - деп сөзін аяқтаған уақытта, ішімде дауыл мен бұрқасын жел орнағандай болып алабұртып шыға келді.
Және бала күнде болған әкемнің жан сыры жаныма жалау болып орнығып, өз арманымнан бас тартып, соғыста қалған өз жеріне орала алмай, қан майданда қаны жерге тиген әрбір аталамызды тауып, елге, жерге алып келемін деп бел будым. Және орындадым. Бүгінде «Атамның аманаты» атты ұйымды құрып, соғыста жан кешкендерді өз топырағына алып келуге ықпал еттім. Енді сен де өз туғаныңмен мақтанып, ата-бабаңа іздеу салудан ешқашан қорықпа!
Болдықыз Аралбайқызы