Бітімгерлік миссия, әскери дайындық, оқ атпау келісімі: Голан биіктерінде жүрген сапермен сұхбат

29 мамыр – БҰҰ халықаралық бітімгерлер күні

Админ

Қазақстан биыл наурыз айында 139 әскери қызметшіден тұратын алғашқы дербес бітімгерлік контингентін Голан үстіртіне жіберді. Сол әскери құрамда өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақсатында екі айға жуық бөтен елде абыроймен қызметін атқарып жүрген 58012 әскери бөлімі инженерлік-саперлік взводының маман сапері аға сержант Талғат Елібаев та бар. Sarbaz.kz тілшісі БҰҰ халықаралық бітімгерлер күні қарсаңында әскери қызметкермен сұхбат құрды.

Айта кетейік, 19 қаңтарда Парламенттің қос палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады. Осылайша елімізге өз бетінше бітімгерлік миссиясын орындауға жол ашылды.

– Талғат Рысбекұлы, еліміздің Қарулы Күштерінде қашаннан бері қызмет етесіз? О баста қалап келген салаңыз ба?

– Әр ер адамның міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу. Қарапайым қазақтың баласы ретінде өз борышымды өтеуді парыз санадым. Сөйтіп 2015 жылдан бастап әскери қызметке келдім. Мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметте қалуды жөн көрдім. Неге десеңіз, өзімнің мамандығымды тапқанымды түсіндім. Осылайша, өз қалауыммен әскери ортаны қалап, әскери қызметімді өткеріп жүрмін. Он жылға таяу уақытта ысылдым, нағыз әскери қызметші болдым.

– Бітімгер әскердің құрамына қалай келіп қалдыңыз? Бұл сіздің алғашқы миссияңыз ба?

– Біз 58012 әскери бөлімінде инженерлік взводтар арасындағы құрамда өзімізге жүктелген міндеттермен айналысып отырдық. Бізге бөлім командирінің бұйрығымен Қорғаныс министрлігінен телеграмма келді. Содан инженерлі-саперлік бөлімшелер арасынан әскери қызметшілер жинады, оған мен де қатысқан болатынмын. Сол тұста өзімнің жұмысымды көрсете алдым. Жалпы әскери қызметте жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Қызмет барысында басқа мемлекеттердің әскери қызметшілерімен бірге істеген жұмысымды, алған тәжірибелерімді, барлық өткен оқу сабақтарын іс жүзінде өзге елде бітімгерлік миссиясында сынап көргім келді. Сол себеппен Голан бекетіне келіп отырмын. Бұл – менің бірінші миссиям.

– Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта оларды әскери іс бойынша оқытады, дайындықтан өткізеді. Сіздерде дайындық барысы қалай болды?

– Иә, бұл миссияға дейін біз 6 айлық курстан өттік. Онда мина іздеу құралдарымен қауіпті жарылғыш заттардың көзін жоюды, қажетті роботтарды қолдануды меңгердік. Осы уақытқа дейін жоғарыда аталған жұмыстар бойынша менде 10-ға жуық сертификат бар. Алты айлық курсты үздік нәтижемен аяқтап шықтық. Бұл жерде өзіміздің елден басқа да тыс елдерге бейбітшілік орнатуға деген үлесімді қосу басты себеп болды.

Бітімгершілік миссиясына дайындық кезінде АҚШ, Түркия, Испания және т.б. елдерден әскери қызметшілер келді. Солармен бірге өзіміздің біліктілігімізді арттырып, әлемдік жаһанда қандай саясат жүргізіліп жатыр, қандай жұмыстар жасалып жатыр, соларды біліп, бірге жұмыс істедік.

– Сондай-ақ тілдерді де меңгерген шығарсыздар?

– Әрине, онсыз болмайды ғой. БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы негізгі қарым-қатынас тілі – өздеріңіз білесіздер, ағылшын тілі. Сондықтан оны үйренеріміз сөзсіз. Және де біз баратын мемлекеттердегі жергілікті халықтың салт-дәстүрін, ділін, тілін, дінін толықтай білу керек. Өйткені сол арқылы тұрғылықты елмен етене араласып, территорияларда тиімді жұмыс істей аламыз.

– Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіндегі 139 әскери қызметшінің миссиясы мен тапсырмасы бар. Сіздерге қандай міндеттеме жүктелді?

– Иә, бізде қазіргі таңда 139 әскери қызметші бар. Олардың ішінде бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелеріне белгілі бір тапсырмалар берілген. Тек қана сол тапсырмалармен және лауазымдарына байланысты жұмыс істейді. Сондай-ақ БҰҰ бітімгершілік миссиясында бекітілген бір апталық тапсырмалар бар. Біз солар бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, менің жұмысым инженерлік-саперлік взводының құрамында жарылғыш заттармен жұмыс істеу және оның көзін жою болып саналады.

– Яғни, біздің әскерилер ешқандай шиеленіске араласпайды, ұрысқа қатыспайды...

– Иә. біздің мақсат – Сирия және Израиль ортасындағы бір-біріне оқ атпау туралы келісімін бақылау, Голан бекеттеріндегі патрульдік аймақтарды жасау, ел ішіндегі бейбітшілікті сақтау, бейбітшілік миссиясына өз үлесімізді қосу.

Келгенімізге 2,5 айдың жүзі болды. Сол уақыттың аралығында өзімізді жақсы жағынан көрсетіп жатырмыз. Дәл қазір Голан бекетінде жағдай тұрақты.

– Жалпы миссия штабы қайда орналасқан?

– Бітімгерлік ротаның жеке құрамының миссия штабы Фауар базасында шоғырланған. Онда Қазақстанның контингентінен басқа 14 республиканың, мысалы, бізден бөлек Непалдан, Үнді елінен, Оңтүстік Кореядан, Аргентина, Африка мемлекеттері Замбия мен Конгодан әскери қызметшілер бар.

Базада әрбір мемлекеттің әскери қызметшілері жататын жайы мен жұмыс істейтін орындары қарастырылған. Өздерінің жауынгерлік техникалары болсын, күнделікті саптық алаңын өткізуге арналған барлық жер бөлек. Сондай-ақ біздің, жалпы БҰҰ-ның 14 республиканың Голан бекеттерінде орындайтын міндеттері болады. Басқа елдің өкілдерімен, әскери қызметшілермен, азаматтық персоналдармен тіл табысу бізге қиындық келтірмейді. Өйткені курс барысында ағылшын, араб тілі болсын, шамалы оқып үйрендік. Жұмыс істеу, сөйлесу үйреншікті жағдай боп келе жатыр.

– Мысалы, бір күндік жұмыстарыңыз қандай?

– Бізге БҰҰ алдымызға қойған бір апталық тапсырмалары болады. Біз жоспар бойынша жұмыс істейміз. Таңғы 6-да ұйқыдан тұрудан бастап дене шынықтырумен айналысып, таңғы асқа бару, таратылым кезінде сондай-ақ взвод командирінің бұйрығы бойынша белгіленген аумаққа қауіпті жарылғыш заттармен жұмыс істеуді жалғастырамыз және де Қазақстан ұлттық контингенті патрульге тікелей жауап береді.

– Қазақстан бұған дейін дербес ұлттық контингент боп бітімгерлік миссиясына шығып көрген емес. Осы орайда сіздерге жауапкершілік жүгі еселенген болар...

– Иә, жеке контингент болып Қазақстан алғаш рет шығып отыр. Ол дегеніңіз, БҰҰ жалпы қосындысының негізі болып саналады. Бұл жерде ұлттық контингенттің командирі тікелей бұйрықты, шешімді өзі қабылдай алады. Оған дейін бізде бұндай жағдай болған жоқ. Біз басқа мемлекеттердің құрамында болдық. Сол мемлекеттердің командирлерінің айтқан бұйрықтарын тапсырма арқылы орындап жүрдік.

Ал қазіргі таңда Голан бекеттерінде Қазақстанның өзі ұлттық контингент боп шыққаннан кейін тапсырмасы мүлдем басқа боп өзгереді. Яғни, тапсырмалар көбейіп, жауапкершілік күшейе бастайды. Оны орындау үшін бізге барлық жағдайлар жасалған. Қажетті сауытты дөңгелекті машиналар, камаздар, шағын автобустар және жол талғамайтын көліктермен жабдықталғанбыз. Қазақстан тарихындағы алғаш бітімгерлік миссиясы болғандықтан бізге қойылатын тапсырмалар өте күрделі. Қойған тапсырмаларға өте сергек қарап, дәлме дәл уақытымен орындап жатырмыз.

– Миссияларыңыз қашанға дейін созылады?

– Ұлттық контингенттің келу мерзімі – бір жыл. Голан бекеттеріне Қазақстан Сирия мен Израиль арасындағы оқ атпау келісімін қолдау, бейбітшілік орнату мақсатында келді. Біз сол бірінші ұлттық құрамы боп бір жыл уақытқа келдік.

Бұл жерде Сирия аумағындағы Фауар базасы ең үлкен база боп саналады. Одан бөлек көптеген базалар бар. Голан бекеті – әлемде өте қиын аймақтың бірі.

Біздің құрам БҰҰ алдындағы міндетін абыроймен атқарып жатыр. Бітімгерлік миссиясын атқару және орындау – біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің абыройын арттырып, әлемдік аренада беделін мойындатуға барымызды саламыз. Өз басым бітімгер болғаныма мақтанамын. Тәжірибемді бейбіт мақсатта шыңдап жатырмын.

– Уақыт тауып, тілдескеніңізге рахмет! Абырой биігінен көрініп, аман-есен елге оралыңыздар!

Сұхбаттасқан Рима Әбеуова

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Бүгін, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

Кеше, 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22