Басшылық кекілімізді екі жаққа қайырып қойғызатын болды – Ұлттық ұлан сапындағы егіздер

Он жастарында көлік қозғалтқышын жөндеп, нәпақа тапқан егіздер әскерде бір-бірі үшін кезекшілікке тұрып, ұсталып қалған.

Админ

«Ауылға әскерден ерке емес, қайтпас қайсар, көш бастайтын серке болып ораламыз», - дейді Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар. Sarbaz.kz оқырман назарына «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің материалдық  қамтамасыз  ету ротасының автотехникалық қамтамасыз ету взводының бірінші  автомобильдік  бөлімше  сарбазы Виктор Однолетканың  сұхбатын ұсынады. 

Отанға  деген  адалдықтың  адырнасын тартып,  қаруды қатар ұстаған  егіз сарбаз  Виктор мен Сергейдің  әскер сапындағы  санаулы күндері қалды. Бірінен-бірін ажыратқысыз  жауынгерлердің  жанарында  қайсарлықтың жарқылы ойнайды. Алайда  қарашық  тұңғиығында  туған жерге деген сағыныш менмұндалап тұрғандай. Олар үшін бір жыл  алақаннан сусыған құмдай жылдам өте шықты.  Сынаптай сырғыған уақыт ағысымен  Однолетка әулетінің атұстарлары  көкжиектен шыққан  күндей шығыстан батысқа қарай ойыспақ. Осыдан ба екен, әскер қатарына Ақтөбе облысынан шақырылғандардың  көңілдері шат, мейманалары тасыған.

– Виктор, санаулы  күндерден  кейін  Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды өткеріп,  туып-өскен аймаққа ораласыңдар. Туған жердің ауасын жұтып,  аптыққан аласапыран сағыныштарыңды басатын шығарсыңдар? 

– Біз Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылынан әскер қатарына шақырылдық. Біздің ауыл шағын болғанымен, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Әсіресе, Ақтөбе-Астрахань  күре жолымен зулайтын көлік нөпірі еш саябырсыған емес.  Сондай-ақ тепсе темір үзетін тұлғалардың  біразы Темір ауданынан шыққан. Алысқа бармай-ақ, Отан алдындағы борышымды өтеп жатқан  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин Темір ауданының тумасы. Менің әкем де балаң шағын Шұбарқұдық ауылымен сабақтастырған. Жүк көлігінің жүргізушісі болған әкеміз ай-жылдап алыс сапарға аттанатын. Сыңарым екеуіміз анамызбен  бірге үйде қалатынбыз. Алайда  жанұяға сирек уақыт арнайтын әкемізден  алған тағылым  біз үшін  таусылмайтын өмірлік азыққа айналды.

– «Әке көрген  оқ  жонар» дейді. Отбасы тірегін үлгі-өнеге  алатын  бірегей тұлға деп қабылдаған жөн болар?   

– Иә,  әке – отбасының  асыраушысы,  қамқоршысы.  Өкінішке қарай, он үш жасымызда  әкемізді   ауыр дерт меңдеп,  артынша көз жұмды. Алайда  біз бұл уақытта есейіп кеттік. Әке өлімін маңдайға жазған тағдыр деп қана түйсіндік. Тезірек ер жетіп,  ертеңгі күні  ер азаматынан айырылған анамызға қамқор болуды  мақсат тұттық.  Ардақты әкеміз бізді бала күнімізден  еңбекке баулыды. Жүк көлігінің жүргізушісі вахталық жұмысынан тыс уақытта  көлік жөндеумен айналысатын.  Сондықтан  біздің  қолымыз әліппе мен қаламнан бұрын, кілт пен сайман ұстауға икемделіп қалған еді.  Алғашында  сұраған  сайманын  дайындап тұрсақ,   ер  жете  өзіміз  жөндеуге  кірістік. Әкеміз бізге қажетті затты дайындап қойып,  шылымын   құшырлана будақтатып  отыратын.  Ал Сергей екеуіміз екі жақтап, істен шыққан көлікті қалыпқа келтіреміз.  Небары,  оннан  асқан  шағымызда   көлік қозғалтқышын  бұзып-шашып,  қайта құрадық. Көлік құрылымын ұғына білген жан үшін бұл аса күрделі жұмыс.  Көлігін  жөндетуге  келгендер алғашында  бізді баласынып,  менсінбеушілік  танытатын.  Білек түріп,  қызу жұмысқа кіріскенде,  таң қалып, артынан жылы лебізін жолдайтын.  Әрине,  бұл – әке еңбегінің жемісі.  Мысалы,  мен қазір  жеңіл  көлік  тұрмақ,  жүк көліктерін  автоматты бұзып-шашып, қайта құрастырғандай  аз уақытта бөлшектей аламын.

– Бұл  қабілеттеріңді  әскерде көрсете алдыңдар ма?

– Жүз пайыз көрсете алмадық. Жауынгерлік міндетті орындау барысында қала тыныштығын күзеттік. Табанымыз тимеген қалада табандылық танытып, тәртіпсіздіктің алдын алдық. Жауынгерлік жасақ  қатарында түрлі оқиғаларға тап болдық. Біз таяуда ғана материалдық қамтамасыз ету ротасына ауыстық. Алайда қайда жүрсек те жауынгерлік қызметтің сын-сынағынан сүрінбей, жолымыздағы бөгет-кедергілерден именбей өтудеміз. Мұның барлығы қаршадай шақтан қара жұмысты талғамай, білек сыбана кіріскеннен деп білемін.          

– Егіз болудың өмірде тиімді тұстары болды ма?

– Әрине, бізді көбі шатастырады. Оқушы болғанда Сергейдің жазуы көркем болатын. Мұғалімдер жазуы қыздың жиған жүгіндей жинақы деп сауаттылығына қайран қалысатын.  Шығарма, мазмұндама  жазғанда қатарластарынан озат шығып, әрдайым бестік баға алатұғын. Ал менің жазуым айбақ-сайбақ болған соң мен үшін де «сергелдеңге»  Сергей түсетін. Әрине, бұл қитұрқы жоспарымыз  әккі ұстаздардың сабағында насырға шауып жататын. Медициналық  тексерістен өткен шақта, менен кейін дәрігер кабинетіне  Сергей кірсе,  «сен  жаңа ғана келдің ғой,  құжатыңды  қалай толтыруды  ұмытып кеттім» деп,  лезде  қолын қойып бере салатын кездер де болды.

– Мұндай қитұрқы жоспарларың әскерде іске аспаған болар?

– Неге олай ойлайсыз? Керісінше, әскерде де суда жүзген балықтай күн кештік. Әрине, алдымен  бірімізге-біріміз арқасүйер болдық. Берілген тапсырманы бөліп аламыз. Тәуліктік кезекшілікке түскен уақытта да  ыңғайы келсе, ауыса саламыз. Алайда біздің қулыққа басатын әдетімізді байқаған  басшылық соңында кекілімізді екі жаққа қайырып қоятын болды.

– Әскерден кейінгі алға қойған жоспарларың қандай?

– Әрине,  бала  өзінің  ата-анасына  қарап  бой түзейді. Бізде де солай, әкемізді үлгі түтып, ұяда не көрсек, ұшқанда соны азық қыламыз. Мектепті тәмамдаған соң сыңарыммен бірге автоэлектрик  мамандығы бойынша  үш айлық курстан өттік. Әскерге дейін  әкеміз  жұмыс атқарған   кәсіпорында  вахталық  әдіспен жұмыс істедік. Әзіргі жоспар – бұрынғы  істеген қызметімізге қайта оралу. Ал келешекте жеке көлік жөндеу орталығын ашқымыз келеді. Біздің ауыл күре  жолдың бойында тұрған соң, жөндейтін көлік те көп болады деген дәмеміз бар.

– Сырт келбеттерің айнымастай болғанымен, жан дүниелерің өзгеше болар?

– Мен Сергейден он минут  бұрын  өмірге   келіппін. Сондықтан  болар  Сергейге  қарағанда сәл-пәл бойшаңдаумын.  Әмбе, сырт келбетіміз қатты ұқсағанымен,  дүниетаным  һәм  талғамымыз әртүрлі. Мысалы, көгілдір көзді аққұба қыздар менің көңілімнен шығады. Ал Сергейдің қою қара  көзді,  томпақтау  қызды  көрсе,  есі  кетеніні бар. Дегенмен сәті түссе  болашақта егіз қыздарды жар еткіміз келеді. Осылайша, қанымыздағы егіздер  тенденциясын  әлі де жалғастырармыз. Кім білер, алдағы уақытта тағы да бір егіздердің өмірге келуіне себепші болармыз.  Әрине, маңдайға жазғаны болады. Айтпақшы, біздің нағашы апамыздың сыңары болыпты. Жалпы, біздің ой-пікіріміз тек көлікке келгенде ғана бір жерге  тоғысады. Екеуіміз де немістің BMW көлігінің жанкүйеріміз. Үйге барысымен  гараждың  есігін теуіп ашып, тұралап қалған темір тұлпарды тақымдап, өсіп-өнген  өңірді үш айналып бір көсілсек,  одан асқан рахат жоқ-ау, сірә.  Ауылда көлігінің дауысы ерекше қатты гүрілдейтін және орнында тұрып  айналатын тек біз едік. Мұқым ауыл тұрғындары осы қимылымыздан-ақ біздің  әскерден келгенімізді  бірден аңғарады.

– Мұндай қылықтарыңнан танып жатса, онда ауылдың  тентектері болғандарың ғой?

– Тентек деп айтқан  әбестік шығар. Ауылдың еркелері деген дұрыс болар. Шұбарқұдықтықтар қара сирақ балаң шағымыздан бізді алыстан жазбай таниды. Күн болсын, мейлі түн болсын ажырата алады да. Кіндік қанымыз тамған  елдімекенннің  топырағы да біз үшін қашан да ыстық. Өр Алтай баурайындағы Өскеменнің шырайлы табиғаты самсаған ну болғанымен, Шұбарқұдықтың сары даласына жетпейді. Алда жаңа жыл мейрамы келе жатыр.  Сондықтан мерекеге дейін ауыл-аймақта мауқымызды басып, демалсақ дейміз. Жалпы, әскер бізді құрыштай шыңдап, еліне қауіп төнер сәтте кеудесін оққа тосатын нағыз жаужүрек батырға айналдырды. Сондықтан ең басты туған жерімізге кешегі ерке ұлдар емес, қайтпас қайсар көш бастайтын серке болып ораламыз.

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Рүстем Мұхамет-Рақым,
Өскемен қаласы

__Последние новости

  • Басты назарда

Жанұя жағдайын қамтыған жиын

Кеше, 11:44
Админ
  • Басты назарда

Оқу жылының қорытындысы

Кеше, 11:37
  • Басты назарда

Жауынгерлерді шығарып салды

29/10/2024 - 11:34
  • Басты назарда

SAHA EXPO-2024 халықаралық көрмесі

29/10/2024 - 11:21
  • Басты назарда

Сарбаздар сапқа тұрды

28/10/2024 - 11:32
  • Басты назарда

Жауынгерлік туды табыстады

27/10/2024 - 11:28
  • Басты назарда

«Сардар» әскери-спорттық ойыны

26/10/2024 - 20:58
  • Басты назарда

Тағылым аларлық таным

26/10/2024 - 14:56
  • Басты назарда

Қанатын кеңге жайған Қазақстан

26/10/2024 - 11:26
  • Басты назарда

ЕЛДІГІМІЗДІ АЙҚЫНДАҒАН МЕРЕКЕ

25/10/2024 - 11:23
  • Басты назарда

Ұландар антқа адал

24/10/2024 - 15:50
  • Басты назарда

«Рейхстаг үстіндегі ту»

24/10/2024 - 09:53
  • Басты назарда

АРДАГЕР МЕН ЖАСТАРДЫҢ ЖҮЗДЕСУІ

23/10/2024 - 13:49
  • Басты назарда

ЕРЛІК САБАҒЫ ЕДІГЕЕВКЕ АРНАЛДЫ

22/10/2024 - 10:48