Белгілі фавориттердің алдын орап, сенсация жасаған Айза

3514 әскери бөлімінің ефрейторы, әскери бөлімдегі  кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы Мәулен  Қайырбаев көпсайыста жеңіске жеткен  Айза  атты қызметтік иті туралы сұхбат берді

Админ

Қаракемер кентіндегі  6654  әскери бөлімінде  өткен қызметтік иттер мен  ҚР  Ұлттық ұланының  кинология  мамандары арасында көпсайыста жеңіске жеткен  Айза  атты қызметтік ит туралы не білеміз? Айзаның қожайыны, 3514 әскери бөлімінің ефрейторы, әскери бөлімдегі  кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы Мәулен  Қайырбаев жеңімпаз итті қалай баптады? Қызметтік иттердің психологиясы қалай қалыптасады? Кинология саласына қатысты осы және басқа да сұрақтар жөнінде толығырақ Sarbaz.kz материалында.

– Мәулен  мырза, кинология қызметіне қалай келдіңіз? Әңгімесін  әлқиссасын осыдан бастасаңыз. 

–  Мен Шығыс Қазақстан облысы  Күршім ауданы  Бурабай ауылының тумасымын.  Ауылда лайка тұқымды итім болды. Өте ақылды еді. Әсіресе,  даладан жайылып келген табын малдың ішінен  біздің үйдің іріқараларын алыстан-ақ  жазбай танитын. Жазықтан келген жануардың алдынан шығып,  үй жаққа қарай қайырып, әлек болатын да жүретін шәу-шәу етіп. Ал енді  бөтен малды  қора-қопсының маңайына да  жолатпайтын.  Итімнің мұндай қабілетке қашан, қалай ие болғандығы есімде жоқ, әйтеуір, көрші-қолаң төрт аяқты досымның  бұл әрекетіне  әрдайым  қызығушылық танытатын. Иттердің  мұндай ақылды болатындығы уақыт өте келе менің де таңданысымды туғызды.  Мені кинология қызметіне осы бір таңданыс алып келген сияқты.       

– Ал кинологиялық  білімді осы әскери бөлімде игердіңіз бе?

–  Жоқ. Алдымен Қаракемердегі  оқу орталығынан   арнайы кинологиялық білім алдым.  Бұдан кейін қызметтік міндетіме кірістім. Осы орайда  әскери бөлімдегі кинолог мамандардың  біразынан  ақпарат алдым. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға  машықтанбас бұрын, иттердің табиғатын  зерттеп,  сенімділігіне кіру қажет екендігін ұғындым. 

–  Айзамен  жұмыс жасауда өзіндік қолданатын  әдіс-тәсілдеріңіз бар ма? 

–  Мен үшін итті жаныңнан артық жақсы көрмесең, олармен етене жұмыс жасау қиынға соғады. Мен Айзаны күшік кезінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  5511 әскери бөлімінен алып келдім. Иттің арғы аталары да – қызметтік иттер. Әмбе,  қызмет барысында  бірталай жетістіктерге жеткен. Айзаны  күшік  кезінде  үйде өсірдім. Сол уақытта мен тұрмақ,  менің отбасым, балаларым да  белгия овчаркасына бауыр басып қалып еді. Айзаны әскери бөлімдегі вальерге  әкеткенімде, қалай қимай қоштасқанын білсеңіз ғой. Әлі күнге дейін жұмыстан үйге келген уақытта, Айзаның  халін сұрап, маған қарай ентелей жөнеледі. 

–  Яғни Айзаның жеңісіне олар да тілекші болған шығар.  Осы орайда сайыс барысына  тоқталып өтсеңіз.

–  Бұл Айзаның  алғашқы сайысы болғандықтан, мен үшін әрбір қадам жауапкершілікке толы болды. Әу басында қызметтік иттің  пойызбен  аттанатын  ұзақ сапарды  қалай көтереді деген секем болды. Әрбір кідірген разъезд, станция сайын арнайы торлы жәшікке қамалған Айзаны сыртқа шығарып,  бой жаздырып, жүгіртіп отырдым.  Каракемерге жеткенде тағы да атмосфералық қысым орнады. Әрбір әскери бөлімнен қаншама ит қатысуда. Кейбіреулер иттеріне ие болмай, абыр-сабыр орнаған сәт.  Ұйымдастырушылардың  қызметтік иттерге  қояр сын-талабы да жоғары екен. Мысалы,  Айза із кесу бөлімі  бойынша бағын сынады. Бірінші бөлімде  алып аумақта жасырынуға  арналған  шаршы заттар қойылған. Қоршалған жердің  ішіне адам жасырынады. Қызметтік ит белгіленген  уақытта шартты жауды табу қажет. Жарыстың тізгінін ұстағандар  иісшіл иттің діттеген мақсатынан адастыру үшін түрлі айла-шарғылар ойлап тапқан. Олар шұжық еттерін, тәтті тағамдарды  әрбір бұрыштарға шашып қояды. Шынымен де, адам іздеуге шыққан ит белгіленген аумақта жатқан тамаққа тыңқия тойып алып, жүктелген тапсырмаға  енжарлық танытып, сайыстағы белсенділігінен айырылып қалады. Ал жарыс ережесі бойынша төртаяқты жауынгер тығылған күдіктіні  белгілі бір  минут аралығында  табуы шарт. Әйтпесе, көпсайыстан  шығарылады. Абырой болғанда,  Айза тәтті тағамдарға мән бермей, тапсырманы дер кезінде орындап шықты. Яғни әскери бөлімдерінде   бұл жаттығуларды мүлтіксіз орындаған қызметтік иттер Қаракемерде  қателіктерге жол беріп жатты. Мысалы, сайыс басталмас бұрын  өткен жылдың жеңімпаздары атанған  5573 әскери бөлімінің қызметтік иттері айқын фаворит саналды. Ал сайысқа алғаш қатысушы иттер қатарынан болған  Айзаға төрешілер де, қатысушы кинолог мамандар да о баста аутсайдерлік көзқарас танытқан болатын. Алайда менің төрт аяқты серігім, аумақта жасырынғанды, одан қалса, көлік ішіне тығылғанды жалпы шартты жау аталғандардың  ізін кесіп отырып, дәлме-дәл уақытында өзге иісшіл иттердің алдын орап, бұрын тауып отырды. Белгілі фавориттерге сенім артқан жұртшылық үшін Айзаның кез келген тапсырмаларды жедел әрі тиянақты орындауы сенсация болғандай.

–  Ал өзіңіз ше? Айзаға сенімді болған шығарсыз?

–  Мен бе? Мен, әрине сенімді болдым. Бірақ шыны керек, қатарластарыммен үзеңгі қағысып келіп, жеңіске иық тіресе  жетемін деген ойда болдым.  Өйткені атағынан ат үркіген  қызметтік  иттердің талайын көзбен көрмесек те, сыртынан  хабардармын. Олар да  Қаракемердегі көпсайыстың  көркін қыздырып, таласқа түсті. Дегенмен төрт күнге созылған сайыстың әр  күнінде  Айза ғана үздік саналды.  Негізі иттің көбі атыс қаруынан оқ атылғанда  жасқанып қалып,  иесіне бағынбай абдырап қалады. Менде де  қорқыныш  болды. Тапсырма орындау барысында,  атыс қаруынан  оқ  жаудыратын  кезең де таяп жетті. Ішімнен «менің итім дауысқа мән бермесе екен деп құдайдан қалай  дұға тілеп кеткенімді өзім де білмей қалдым.  Себебі  осы  бір сын өткелден сүрінген иттер көп болды. Ал менің азуын айға білеген Айзам аянып қалмады. Дәл желке тұсынан  атылған оқтан жасқанбай, айналасындағы тосқауылдарды ысырып тастап, жасырынған адамды табуға  ұмтылды. Нәтижесінде іздестіру қызметі бойынша Ұлттық ұланның  кинология  мамандары  арасында өткізілген  көпсайысында  бірінші орынды жеңіп алды. 

–  Кинология  мамандары  арасында өткен   көпсайысқа дайындық қанша уақытты қамтыды?

–  Әскери бөлімдегі тәжірибелі кинологтардың ақыл-кеңестерін ыждағаттылықпен тыңдап, көзін енді ашқан  күшіктің  иісшіл  итке  айналу жолында бірталай жаттығуларды орындадық.  Біз Айзаға күшік  кезінен атыс қаруынан жасқанбауды үйреттік. Төрт аяқты серігім секем алып қалмасын деп,  алдымен елу метрлік жерден қарумен атамыз. Мұндай қашықтықтағы оқ дауысына үйрене  бастаған уақытта тағы да он метр жақындай түстік. Міне, осылай  баспалдақ сатысына көтерілген сайын әрбір күрделі тапсырмаларды жеңіл жаттығулардан  бастап отырдық. Әрине, сайысқа түскен атышулы қызметтік иттер де өз әскери бөлімдерінде жарыс жүйесіне енгізілген сынақтарды жоғары деңгейде орындаған. Алайда бұл жердің атмосферасы басқа. Ұйымдастырушылар сынақтарды қиындатып, түрлі айла-тәсіл қолданады. Менің ойымша, сайыс күрделі болған сайын, қызметтік ит те жауынгерлік  міндетін орындауда кез келген тосқауылға төтеп бере алатын мүмкіндіккке ие болады. Яғни құбарландарды шырғалаңға түсірген шара оларды, керісінше, шыңдай түседі. Жалпы,  қызметтік  иттердің  жұмыс істеу қабілеті сегіз жыл үш айды қамтиды. Дегенмен жасына қарамастан қызметте белсенді болса, әрі қарай да жұмыс жасай береді.

–  Айзаның өзге  қызметтік иттерден  айырмашылығы неде?

– Айза бельгиялық овчарка –  малинуа тұқымдас ит. Жалпы, төртаяқтының бұл түрі күн райының құбылмалығына мән бермей,  қызметін жалғастыра береді. Жалпы малинуа тұқымдастары із кесу жұмыстарына жұмылдырылады.  Иттердің сезімталдығы адамдарға қарағанда әлдеқайда ерекше дамыған.  Мысалы, Айза менің вальерге қандай көңіл-күймен келе жатқанымды сезіп тұрады. Сенесіз бе? Қызметтік иттің бұл түрі иістің 11 миллион түрін  ажырата  алатын көрінеді. Арнайы кинология  ғылымының зерттеулерінде иісшіл ит  тастай қапас түнекте 100 метрге дейін кимылдаған затты байқап, сонымен қатар  25 метр қашықтықтағы  дауысты ажырата алады екен. Жалпы, иттердің  мінез-құлқы да тура адамдардікіне  ұқсас.  Сангвиник, меланхолик, флегматик, холерик сияқты төрт типтен тұрады. Ал қызметтік иттің мінезі меланхолик пен холериктерден  таңдап алынады.  Итпен байланыс орната  білуде  көбіне сабырлы иттер қажет. Айза холериктер тобына жатады.  Ұрғашы ит болғандықтан, мінезі тұрақты, бұйрыққа тез бағынышты келеді. Ал кинология қызметінде  иттердің  еркек-ұрғашы деп бөлінуін де жер мен көктей  айырмашылық бар. Қызметті атқару  барысында  еркек ит таяу  маңда  ұрғашыны  көрсе, ойы сан-саққа бөлініп,  жүктелген  тапсырманы орындай алмай қалады. Менің ойымша, кинолог мамандығын  психолог мамандығына  ұқсатуға болады. Төрт аяқтының  тілін  табуда, қызметтік иттің  алдымен сеніміне кіру қажет. Ал жаттығу  жұмыстарына  алғашында небары жарты сағат арналса, кейінірек  бір  жарым сағатқа дейін ұласады. Күшік берілген  тапсырмаларды орындауда алғырлығымен ерекшеленсе,  озық  топтағы  иттермен  күрделі  жаттығу түрлерін орындауға көшеді. Тапсырмаларды бұлжытпай орындаған төрт  аяқтының  қызметі  ескеріліп, кейбір итке  иесі тәтті тағам берсе, кейбірі сүйікті ойыншығын ұсынады. 

–  Айзаның  бүгінгі  жетістігінен кейін, қызметтік итке деген көзқарас әскери бөлімде  өзгерген болар?  

–  Айза көпсайыста енді топ жарып көзге түскенімен Курчатов қаласының тұрғындары үшін өзіндік  бір мәртебеге ие. Себебі қызметтік ит қаладағы біраз  қылмыстың бетін ашуға   себепкер болған.  Әсіресе,  ұрлық, тонау болған жағдайда  қылмыскерлердің   ізін  суытпай  анықтау  үшін  қызметтік иттің көмегіне жүгінген  оқиғалар  жиі тіркелді. Биылғы  ақпан айында  қала  шетіндегі  саяжайда  кісі жоғалады. Беталысы белгісіз жанды табуға жедел іздестіру тобымен бірге Айза да аттанады.  Иісшіл  ит небары  аздаған уақытта  қасат қар астында  жатқан  адамды  тауып алды.   

–  Сұхбатыңызға рақмет!   

Рүстем Мұхамет-Рақым,

Курчатов қаласы

__Последние новости

  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Бүгін, 10:21
Админ
  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

Кеше, 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28