«Психологдардың жасөспірімдерге арналған бағдарламасын сарбаздарға қолдануға келмейді»
Күштік құрылымдардағы психолог мамандардың жұмыс әдісіне өзгеріс енгізу қажет. Бұл туралы «Аналар жүрегі» сарбаздардың аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы филиалының өкілі Айнұр Татерова Семейде ұйымдастырылған «Өмірді сақта» аймақтық форумында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Форумға күштік құрылымдардың, соның ішінде Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан мен Төтенше жағдайлар қызметінің психолог мамандары қатысты.
«Күштік құрылымдардағы психологтардың жұмыс істеу әдістеріне баса назар аударуымыз керек. Өйткені бүгінде олардың қолданып жүрген әдістері ескірді деп ойлаймын. Оның үстіне олардың барлығы жасөспірімдерге арналғандықтан, сарбаздарға қолдануға келмейді. Ал қазіргі жастардың ой-өрісінің дамуы басқаша. Осы мәселені көтеруіміз керек. Арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырған жөн», - деді Айнұр Татерова.
Форум барысында елімізде шығарылған «Ақ сұңқар» атты әмбебап психикалық-диагностикалық кешені мен Газоразрядтық визуализация әдісі арқылы диагностикалау техникалық құралы таныстырылды.
«Ақ сұңқар» әмбебап кешенінің арнайы бағдарламасы көптеген тесттен тұрады. Оның көмегімен жастардың психологиясы тексеріледі. Сол арқылы жастардың ішкі сырын білуге болады. Айта кетсек, аппаратпен жұмыс жүргізетін мамандар арнайы дайындықтан өтуі шарт.
Сонымен қатар газоразрядтық визуализация әдісі арқылы диагностикалау техникалық құралы көпшілікті елең еткізді. Арнайы құрал сала мамандарына таныстырылып, жұмыс атқару барысы іс жүзінде көрсетіліп, нәтижесі талқыға салынды.
Аймақтық форумда психологтар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ әскери қызметтің жағдайын жақсартуға қатысты және әскердегі тәрбие жұмысын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы пікірлерін білдірлі. Форумға қатысушылар «Әскери қызметшілерде суицидтік мінез-құлықты анықтау», «Жасөспірімдер мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасы» сынды бірқатар тақырыпта баяндама жасады.