Оған домбыра сыйлады
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде бір жыл ішінде Отан алдындағы борыштарын атқарған сарбаздарды құрметпен шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Мерейлі кеште жауынгерлік қызметте жоғары нәтижеге ие болғандар марапатталды. Әскери бөлім тарапынан алғысқа бөленген сарбаздың бірі – украин Никита Дяченко. Әскер қатарына Алматы облысынан шақыртылған жауынгерсіз әскери бөлімнің мәдени өмірін елестету қиын. Домбыраның құлағында ойнайтын өзге ұлт өкілі кез келген іс-шараның ажарын ашып, көркін кіргізетін. Бала кезінен музыкалық мектептен сусындаған күйші жігітке әскери бөлім басшылығы домбыра мен тақия тарту етті.
«Никитаның Отанынына, туған еліне деген ыстық ықыласы «Адай», «Ерке сылқым», «Көңіл толқыны» сияқты күйлерді орындағанда айқын байқалатын. Оның құйқылжыта домбыра шертісіне тебіренбейтін жан жоқ, сәрі. Сондай-ақ, Никита мемлекеттік тілді меңгеруді өзіне мақсат етті және бұл бағытынан бір қадам шалт кетпеді. Өнерлі жауынгердің алдағы өміріне сәт-сапар тілейміз», - дейді 5518 әскери бөлім командирінің орынбасары майор Серік Ноғаев.
Отан алдындағы борышын атқарған әскери бөлімнен мұндай тосын-сыйды күтпеген жауынгер алғашында абдырап қалды. Алайда, жиналған жұрттың қолқа салуымен, су жаңа аспаптан күй орындап, жайдары қалыпқа енді. Іс-шара соңында қатардағы жауынгер естелікке мұндай сыйлық ұсынған әскери бөлімге ризашылығын білдірді, деп жазады «Шығыс» өңірілік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
«Мен бұл домбыраны үйіме барған бетте төріме іліп қоямын. Жұртқа белгілі туындыларды орындаудан бөлек, өзім де күй шығарғым келеді. Сондықтан ертеңгі тырнақалды шығармаларыма әскери бөлім сыйлаған домбыра арқау болмақ. Домбыраны қолға алған сайын әскери бөлім жайында жарық естеліктер есіме түседі деген ойдамын», – дейді қатардағы жауынгер Никита Дяченко.