Прокуратура мұнай кәсіпорындарында 1 млрд теңге жымқырылғанын анықтады

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында аталған 4 басшы ұсталды

Админ

Маңғыстау облысының прокуратурасы экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz өңірлік прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған.

«Жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде ақша қаражатын аудару фактілері белгілі болды.

Ал «West Oil Software» ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері орын алған.

Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшы лауазымды тұлғалары ұсталды», - делінген хабарламада.

Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

__Последние новости