Ресейде 10 мыңға жуық ҰОС ардагері бар
Ресейдің әлеуметтік қоры Ресей Федерациясы мен Балтық жағалауы елдерінде тұратын 10 мыңға жуық Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне Жеңіс күніне арналған төлемдер жіберді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Әлеуметтік қордан Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне Жеңіс күніне орай Ресей мен Балтық жағалауы елдерінде тұратын 9,7 мың ардагерге мерекелік сыйлықақылар берілді», – делінген Ресейдің әлеуметтік қоры хабарламасында.
Владимир Путиннің жарлығына сәйкес төлем сомасы 10 мың рубльді құрайды. Сол сияқты сәуір айында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне қаражат басқа төлемдермен қатар: екі зейнетақы, ай сайынғы ақшалай төлем және қосымша материалдық қолдаумен бірге аударылған.
«Осы төлемдерді ескере отырып, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің әлеуметтік қор арқылы орташа табысы бүгінгі күні айына 64,6 мың рубльді құрайды», – деп түсіндірді қор.
Айта кететін жайт, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Мысалы, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері – 3833 доллар. Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне берілетін төлеақы көлемі 2300 доллар болса, Өзбекстанда – 1570 доллар, Беларусьте – 1227 доллар, Әзербайжанда – 1176 доллар, Қырғызстанда – 1130 доллар, Грузияда – 750 доллар, Молдовада – 565 доллар, Ресейде – 107 доллар.
Бұл ретте, Қазақстанда зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Басқа да әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.