Германияның құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылдың соңында «Солтүстік бағдар» деп аталатын халықаралық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу бойынша операцияны іске асырды. Жедел жете тексеру барысында Ауғанстаннан Қазақстан аумағы арқылы Еуропа елдеріне есірткі контрабандасының қолданыстағы арнасы анықталды. Бұл туралы Sarbaz.kz ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комитет шетелдік серіктестермен және Германияның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, халықаралық есірткі синдикаттарының бірінің дамыған желісін анықтады. Жете тексерудің соңғы кезеңі Германияда 60 кг апиын мен 12 кг метамфетаминді тасымалдау кезінде екі шетелдікті ұстау болды.
Германияның құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Осы жылдың ақпанында басқа жете тексеру шеңберінде трансұлттық есірткі құрылымына қатысушылардың ауған есірткілері контрабандасының кезекті халықаралық арнасын ұйымдастыру ниеттері әшкереленді.
Есірткі тізбегінің барлық буындарын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үйлестіруімен еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде есірткі арнасының негізгі ұйымдастырушысы – Испания азаматы ұсталды, одан Қазақстан арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жеткізілген 10 кг метамфетамин алынды.
Еуропада алынған есірткінің нарықтық құны 2,5 млн АҚШ долларынан артыққа бағаланып отыр. Есірткі трафигінің халықаралық арналарын бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар жүріп жатыр», - делінген хабарламада.