Астанада бұрынғы әскери қызметшілерді әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланды
Астанада әскери қызметтен кейінгі интеграция форумы мен neSPI жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – бұрынғы әскери қызметшілерді жаңа салаларда жұмыс істеуге қайта бағдарлау және оларды қызметін аяқтағаннан кейін жаңа дағдыларды игеруіне жағдай жасау.
«Жоба запастағы және шекті жасқа толуына, сырқатына, басқа да түрлі себептерге байланысты қызметтен кеткен әскери қызметкерлерге көмектесуге арналған. Запасқа шыққан көптеген әскери қызметшілер қалыпты өмірде дағдарып, өзін жоғалтып алады. Біз олардың әскери қызметтен кейінгі қалыпты өмірге оралып, жұмысқа орналасып, қосымша білімін жетілдіріп, қаржылық сауаттылықтың негізгі элементтерін үйренуі үшін бейімделудің барлық алгоритмін пысықтадық», - дейді neSPI жобасының авторы запастағы полковник Рүстем Жантенов.
«25 жылдан астам уақыт бойы бұйрық орындап, қалыпты өмірге шыққан әскери қызметші бұрынғыдай бастықтары, командирі, есеп беретін ешкім жоқ болғандықтан, ары қарай не істеу керек екенін білмей дағдарып қалады. Мұндай жағдайда адам өз қабілет-қарымын танытып, ары қарай да қоғамға пайдасын тигізудің жолдарын іздей бастайды», - деп атап өтті neSPI жобасының негізін қалаушылардың бірі запастағы полковник Рахат Карсембаев.
Форумға қатысқан бұрынғы әскери қызметшілердің айтуынша, күштік құрылымдардағы жұмысынан босау – бүкіл өмірі мен карьера жолы осы саламен тығыз байланысты болған адамдарға ауыр тиеді.
«Бұл жаста өзіңе лайықты іс табу қиын, әсіресе егер өмір бойы тек әскери кәсіппен айналысқан болсаңыз. Бейімделу өте қиын, өйткені азаматтық кәсіпорындарға, ұйымдарға әскери қызметшілер емес, қазір сұранысқа ие мамандықтар қажет», - деп атап өтті Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы запастағы полковник Мұрат Нұғманов.
Форумға кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, бизнес-тренерлер, коучтар, психологтар қатысты.
Ұйым оқыту бағдарламалары, жұмысқа орналасуға қатысты кеңес беру, психологиялық және құқықтық қолдау сияқты кешенді қолдау шараларын атқаруды көздеп отыр.