Депутаттың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан 1292 тұрғын үйге зақым келген
Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі төтенше жағдайға сәйкес өзгерту қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жою мәселелеріне қатысты жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Бүгінгі депутаттық сауалым қарғын су қара шаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызы. Қызыл су арнасынан адасып аққанда қыларға амал таппаған адамдар топан судың беті қайтқанда далада қаңғырып қаламыз ба деп қорқып жүр. Алпыс күн тасыған су алты күнде қайтқанмен, қияметін қайтарып әкетпейді деп дәл екі апта бұрын осы мінберден айтқаным да сол еді. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның ахуалы қазір арқамды аяздай қарып барады. Сәт сайын сан құбылған сандарға назар салсақ, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан 1292 тұрғын үйге зақым келген. Соның 116-сы Қара төбе, 243-і Сырым, 218-і Бөрілі, 649-ы Теректі, 43-і Бәйтерек, 6-ы Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан. Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп, көпшілікті көк жөтелге душар қылатыны сараптамысыз-ақ саналы адам түсінетін дүние», - деді Нартай Аралбайұлы.
Сонымен қатар ол Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір күрделі ахуал – саяжай мәселесіне қатысты екенін атап өтті. Депутаттың сөзінше, Деркөл, Шаған және жайық өзендерінің су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы Орал қаласында, 112-сі Бәйтерек, 245-і Бөрілі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан.
«Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін орын емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан?! Соның өтемақысына қатысты түсінбестік әлі тоқтамай тұр. Бұл өкінішті жағдай. Өйткені ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қай жерден, қашан үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт еді. Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір Батыс Қазақстан облысында сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып, жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсыз да қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақтылы орындауымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде, ел ертең қақаған қыста қатып қалады», - деді Мәжілісмен.
Сондай-ақ Нартай Аралбайұлы Үкіметке нақты ұсыныс, талаптарын жеткізді.
«Бірінші су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауы тиіс комиссия жұмысын бір ізге келтіруі керек. Сол үшін әр аймақтағы комиссия мен әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуы тиіс.
Екінші, баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті, толық бағалануы қажет.
Үшінші, әр үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні, әр қорытындының ішіне жүктелсін. Бұл ақпараттармен барлық азаматтардың танысу мүмкіндігі болуы шарт.
Төртінші, су астында қалған саяжайдың ауласында лас қалдықтарға арналған шұңқырлар болды. Демек ондағы қалдықтар су бетіне шықты. Сондықтан ол аумақтарға дереу санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізілуі қажет.
Бесінші, Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі төтенше жағдайға сәйкес өзгерту қажет. Олардың осындай төтенше жағдайдағы үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарауы керек.
Нақтылап айтайын, төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысына өзгеріс енгізу керек және жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы уәкілеттік министрліктің 2022 жылғы 8 ақпандағы №60 бұйрығына өзгеріс енгізілсін. Дәл осы қаулылардың өзгерісіне қатысты құжаттарды толықтай дайындадық. Осы депутаттық сауалмен қоса жолдаймыз», - деді Нартай Сәрсенғалиев