Еліміздің үш облысында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін
«Шаңырақ» ұлттық агроқозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай су тасқынынан елімізге шамамен 150-200 млрд теңге шамасында шығын келген болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оның айтуынша, бұл апаттың артынан қалпына келтіру жұмыстарына нақты қанша қаражат кететінін айту қиын.
«Қазақстан Қызылағаш трагедиясын әлі ұмытқан жоқ. Ол кезде, өкінішке қарай, адам өлімі де көп болды. Үкімет зардап шеккендерге 600 үй салып берді. Қателеспесем, апат салдарынан болған шығын 15 миллиард теңгенің үстінде болды. Сол апатта бір ауыл, бір көпір, бір ғана жолды су шайып кетті.
Ал бүгінде ондаған облысты су басты, ағып кеткен көпір, шайып кеткен жолдың саны, өлген мал, көлемі әлдеқайда көп. Бұл жолғы қалпына келтіру үшін кемі 150-200 млрд теңгедей шығын кетеді деп ойлаймын, ол менің жеке есебім», - дейді Алмасбек Садырбай.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, тасқын салдарынан 7 035 мал басы қырылған, олардың басым бөлігі – ұсақ мал. Өлген мал басы бойынша деректер үнемі жаңартылып отырады. АШМ ресми өкілі Олжас Тілебалдиннің айтуынша, су басу аймақтарынан қауіпсіз учаскелерге 112,5 мың бас ауыл шаруашылығы жануары эвакуацияланды.
Су тасқыны болған өңірлерде қауіп әлі сейілген жоқ. «Қазгидромет» үш облыста су тасқынының екінші толқыны қаупі төніп тұрғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы наурыздың 11-нен 12-не қараған түні Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын су басып, 45 адам суға кеткен. Көз жұмғандардың арасында 15 бала болған. Ауыл 42 миллион текше метр судың астында қалған еді.