Жауапты басқарма мал шығынын тіркеп жатыр
Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық малдың тасқынға шыдас бермей сумен қоса ағып кеткені, сонымен бірге суда қалғаны анықталып отыр. Өңірде шығынды өтеу тетігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы қазір мал шығынын тіркеп жатыр. Әзірге 3 мың басқа жуық төрт түлік тізімге алынды.
«Күн сайын аудандардан жедел мәлімет жинақтап отырмыз. Бүгінде 3 мыңға жуық малдың өлгені анықталды. Олар суға ағып кеткен, кейбірі суда қалған. Тарқатып айтап болсақ, 300-ге жуық жылқы, 600 басқа жуық ірі қара, 2 мыңнан астам ұсақ мал, 7 түйе бар. Көбіне Ойыл және Қобда аудандарында көп тіркелді. Дегенмен Байғанин, Ырғыз аудандарында да бар. Бұл цифр алдағы күндері нақтыланады. Сонымен бірге малшылардың үйі, қорасының құлау деректері де жинастырылып жатыр», — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.
Оның айтуынша, қазір аудан, ауылдағы мал дәрігерлері үй-үйді, шаруашылықтарды аралап, тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен кейбір шаруашылықтарға барар жол жоқ, су қайтпаған.
«Облыс әкімі шығынды жергілікті бюджет есебінен де қарастыратынын мәлімдеді. Қазір тіркеп, нақтылап, құжаттары жиналады. Кейін сол малдың базардағы орташа құны анықталып, шығын өтеледі. Бұл бір емес, бірнеше айда шешілетін жұмыс. Ал деректер күн сайын жаңартылып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберіліп отыр. Шаруалардың несиесі, субсидияға алған техникасына қатысты сұрақтарды шешу жолы да қарастырылады. Әзірге қаржы институттарына хабар берілді», — деді Панабек Бимұратов.