«Таудан төмен құлдилап келе жатқан арбаны итергендей болдыңыз»: Ерлан Қошанов депутатты сөзбен қағытты
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда әкімшілік әділетті енгізу және оның жұмыс істеу мәселесі, құқықтық реформаларды іске асыру шеңберінде біздің мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болды. Осылайша, 2021 жылғы 1 шілдеде мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың өзара іс-қимыл тәсілдерін түбегейлі өзгерткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізілді. ӘРПК қолданысқа енгізілгеннен кезден бастап, ережелердің тиімділігі әкімшілік соттарда дауларды қарау тәжірибесінде көрінді. Сонымен қатар құқық қолдану практикасы ӘРПК-нің процедуралық және процестік бөліктерін одан әрі жетілдіру қажет екендігін көрсетті. Сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында әкімшілік әділет саласын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Бүгінде Әділет министрлігі Үкімет алдына қойылған міндеттер шеңберінде, қаралып отырған заң жобасында көрсетілген белгілі бір бағыттарды әзірледі», - деді министр.
Министрге сұрақтарын жолдаған депутаттардың көпшілігі бұл заң жобасын қолдауға шақырды.
«Әкімшілік әділет енгелі азаматтар сот арқылы мемлекеттік органдарды жеңе бастады. Алысқа бармай-ақ өзім ұшырасқан мысалды келтірейін. Парламентке келгенге дейін 9 қала әкімінің заңсыз шығарған қаулыларын біз сот арқылы жарамсыз деп таныдық. Ал осы заң жобаға келсек, бұл өте маңызды. Оның бір ғана маңызды бөлігін атап өтер болсам, осы заң жобасының 136-бабына сәйкес, жаңа тармақ енгізілгелі тұр. Бұл тармақтарға сәйкес, азаматтар өздерінің бостандықтары мен құқықтарының бұзылғанын анықтаса, содан 3 ай ішінде сотқа шағымдануға құқылы. Егер сот заңға қайшы нормативтік-құқық актіні анықтаса, ол құжат бұзылады. Демек осы заң жобасының арқасында соттардың Президенттің Жарлықтарын, Үкіметтің қаулыларын, министрліктердің бұйрықтарын заңсыз деп тануға мүмкіндігі болады. Президентіміз айтқандай, «Әділетті Қазақстан» құрудағы жолға үлкен қадам жасаудамыз. Сондықтан барша әріптестерімді осы заң жобасын қолдауға шақырамын!» - деді Бақытжан Базарбек.
Бұл ретте Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Базарбектен басқа сұрағының бар-жоғын сұрады. Депутат әріптестерін бұл заң жобасын қолдауға шақыратынын тағы бір мәрте қайталады.
«Онсыз да бұл заң жобасы қолдау тауып отыр. Таудан төмен құлдилап келе жатқан арбаны итергендей болдыңыз», - деді Ерлан Қошанов әріптесін сөзбен қағытып.