Қазақстан делегациясы Женевадағы Қарусыздану жөніндегі конференцияға қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қарусыздану жөніндегі конференцияның жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты. Бұл туралы ведомоствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Сыртқы істер министрі Қарусыздану жөніндегі конференцияның маңыздылығына тоқталып, бұл қарусыздану бойынша келіссөздер жүргізуге арналған жалғыз көпжақты форумның бірі екеніне ерекше көңіл аударды. Қазақстандық дипломат қазіргі геосаяси жағдайда қарусыздану мәселелері БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген диалогты ілгерілету үшін ерекше маңызға ие деп атап өтті.
Мұрат Нұртілеу ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының өзгермейтін аса маңызды басымдықтарының бірі деп айтты. Біздің еліміз екі маңызды көпжақты форумына – Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының екінші дайындық комитетіне және Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың үшінші конференциясына төрағалық ететінін, сондай-ақ ағымдағы жылы ядролық қарудан азат барлық аймақтар өкілдерінің конференциясын қабылдайтынын хабарлады.
Министр Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны нығайтудың маңыздылығын атай келе, делегацияларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.