2023 жылдың 9 қарашасында ол әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталған
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс 26 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті.
2024 жылғы 26 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдіктілер Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті.
«Күдікті Қ.Бишімбаевқа ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Б.Байжановқа ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
ҚПК-нің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені бес тәуліктен кешіктірмей шешеді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Қайғылы оқиға елордадағы «Бау» мейрамханасында болды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-ге арнайы тапсырма берген.