Мәжіліс депутаты әдет-ғұрып, салт-дәстүрге бей-жай қарамау керектігін айтты
Әйел мен күйеу, бала мен ата-ана арасына полицияны кіргізу арқылы отбасы институтын дамыту қалай болады? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Мәжіліс отырысында әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты құқықтар туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі
«Отбасы институтына байланысты тәуекелдер де жоқ емес. Ол қандай тәуекелдер? Біріншіден, ата-анамен баланың арасындағы, әйелі мен күйеуінің арасындағы қарым-қатынасқа полиция қызметкерін кіргізу арқылы отбасылық институтты нығайтамыз деу қаншалықты дұрыс? Бұл әлі де қайта қарауды қажет ететін норма деп есептеймін. Жалпы, құқықта қолданылатын бір принцип бар. Ол дамыған елдердің көпшілігінде қолданылады. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр сол елдің құқығының қайнар көзі деп танылады. Ондай дамыған елдер әлемде көптеп саналады. XIX ғасырда қазақ даласы өзінің «Ясы» заңынан Ресейдің заңына ауысып, еуропалық заңды қолданған кезде сол уақыттағы орыс ғалымдары да қазақ заңнамасын «Право адат» деп, яғни «әдетке негізделген құқық» деп атаған екен. Жалпы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге негізделген ұлттық мемлекеттердегі құқық жүйесі өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ол болашақта да елдің дамуына оң ықпал ететінін көрсетті. Сондықтан біз әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты мәселеге жеңіл-желпі қарамауымыз керек», - деді депутат.