Ресей мен Украина әскери тұтқындарын алмастырды
Ресей мен Украина соғыс барысында қолға түскен әскери тұтқындарын алмастырды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бір апта бұрын Белгород облысында ресейлік Ил-76 ұшағының апатына байланысты бұл іс тоқтатылған. Мәскеу бұл ұшақты Украинаның әскери күштері атып түсіргенін әрі онда украиналық тұтқындар отырғанын мәлім еткен болатын. Киев бұл ақпаратты растаған жоқ.
Әскери тұтқындар алмастырылғаны туралы бірінші болып Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады: ведомствоның мәліметінше, 31 қаңтарда келіссөздер нәтижесінде 195 ресейлік әскери қызметші қайтарылды, оның орнына Украинаның дәл осындай 195 әскери тұтқын жіберілді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский тұтқындар саны туралы басқаша ақпарат берді.
«207 адам. Ешнәрсеге қарамастан қайтардық», - деді ол телеграм-каналда фотосуретті жариялап.
«Украина президенті айтқандай 207 адам қайтарылды. Ресей неліктен 195 деп айтқанын білмейміз. 207 адамның бәрі әскери қызметкер, олардың қатарында қарапайым азаматтар жоқ»,-деп хабарлады Украинаның тұтқындарды үйлестіру штабы.
Айта кетейік, биыл 3 қаңтарда да тұтқындар алмастырылған. Бұл күні Мәскеу мен Киев 200-ден астам адам алмастырылған: 248 адам Ресейге, 230 адам Украинаға оралды. Бұл соғыс кезіндегі ең үлкен тұтқын алмасу болды.