Заңдардың авторы, либерал, соғысқа қарсы: Путинге қарсы кандидат Надеждин кім?

Борис Надеждин: «Украинадағы арнайы әскери операция – өлімге әкелетін қателік»

Нұрдәулет Кәкіш

Бір жарым айдан кейін Ресейде президент сайлауы өтеді. Күні кеше қазіргі президент Владимир Путин кандидат ретінде тіркелді. Ал көпшілік оның басты қарсыласы ретінде Борис Надеждинді көріп отыр. Қараша халық Надеждиннен үлкен үміт күтіп отыр. Ол халықтың үмітін ақтай ала ма? Жалпы Борис Надеждин деген кім? Бұған дейін не істеді? Кремльдің кезекті «жобасы» емес пе? Толығырақ Sarbaz.kz порталында.

Борис Надеждин кім?

Борис Борисович Надеждин 1963 жылдың 26 сәуірінде Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында дүниеге келген. Ұзақ жылдардан бері Ресейдің Долгопрудный қаласында тұрады. Мәскеудегі Физтех жоғары оқу орнын тәмамдаған соң өзінің мамандығы бойынша физик-теоретик болып еңбек жолын бастаған. Алайда ғылыми саладағы жалақы аз болған соң Надеждин «Интеграл» кооперативін құрып, кәсіпкерлікке бет бұрған. 1980 жылдардың соңында қоғамдық жұмыстармен айналысқан ол ақыры саясатқа аяқ басқан. 1990 жылы сайлауда жеңіп шығып, Долгопрудный қалалық кеңесі төрағасының орынбасары болған.

Борис Надеждин кейіннен заңгерлікті оқып, екінші жоғары мамандық алып шығады. Бұл әрекеті оның талай заң жобасының авторы болуына септігін тигізген. 1990 жылдың соңында Ресей Үкіметі төрағасының заңгерлік жағынан көмекшісі болып жұмыс істеген. 2000 жылы Гос думаның депутаты, «Союз Правых Сил» фракциясы жетекшісінің бірінші орынбасары болды.

Гос думадан кейін Надеждин Физтехте заң кафедрасын басқарып, ғылыми оқытушылық қызметіне қайтып оралған. 2019 жылы Долгопрудный Депутаттар кеңесінің депутаты болып сайланды.

Қандай заң жобаларының авторы?

Борис Надеждин – қазіргі мемлекеттің құқықтық базасының (1994-1995) соавторы әрі Мәскеу облысының бірнеше қалаларының негізгі заңдарының (1995-1996) авторы. Ол бірқатар федералдық заңдарды, соның ішінде Ресейдің Азаматтық кодексін әзірлеген. Сол заң бойынша барлық мүліктік қатынастар реттеледі. Оған меншік құқығы мен келісімшарттардан бастап, заңды тұлғалардың жұмысы мен мұрагерлік құқығына дейін қарайды. Ал Мәскеу облысы қалаларының алғашқы жарғылары бойынша тұрғындардың жергілікті өзін-өзі басқаруға нақты әсер ету және тікелей сайлауда қала басшыларын таңдау мүмкіндігі пайда болған. Сонымен қатар Надеждин 1997 жылы Ресей президентінің № 484 Жарлығының ережелерін әзірледі, онда шенеуніктердің кірістері мен мүліктерін декларациялау міндеті алғаш рет белгіленді. Ал 2000 жылы ол сайлау және референдум туралы заңдарды әзірледі. Оның бастамасы бойынша әр сайлау учаскесі бойынша барлық сайлаудың нәтижелері интернетте жарияланады: бұл әлі де барлық деңгейдегі сайлаудағы алаяқтықты анықтауға көмектеседі. Бұл туралы Борис Надеждиннің жеке сайтында жарияланған.

Сайлауалды бағдарламасы қандай?

Борис Надеждин Ресей президенті болса, бірінші кезекте Украинадағы арнайы әскери операцияны, яғни соғысты тоқтатып, ондағы барлық сарбазды елге қайтармақ.

«Мен арнайы әскери операцияны өлімге әкелетін қателік деп санаймын. Біздің отандастарымыз қаза тауып, мүгедек болып қалып жатыр. Зорлық-зомбылыққа жол беріліп, ол қалыпты жағдайға айналып барады. Экономика адамдардың қажеттіліктеріне зиян келтіріп, әскери міндеттерге қарай қайта құрылуда», - деп жазды ол.

Сонымен қатар Надеждин аймақтар мен қалаларға өкілеттіктерін қайтарып, өз бюджетін өзі игеруіне мүмкіндік бермек.

«Қазір барлық қаржы мен билік федералды орталықтан басқарылады. Ал аймақтар мен қалаларда бюджеттің өз өкілеттіктері мен кірістері азайып келеді. Аймақтар мен қалаларға өкілеттіктерді қайтару, Салық және бюджет саясатын өзгерту Ресей қалаларының өркендеуіне мүмкіндік береді», - деді Надеждин.


Фото: Борис Надеждин / facebook.com

Сондай-ақ Надеждиннің бағдарламасында губернаторлардың тікелей сайлауын ұйымдастыру; мемлекеттің басымдығын Ресейдің ішкі мәселелеріне бұру, саяси тұтқындарға рақымшылық жасау қарастырылған.

«Ешкім сөзі үшін түрмеге қамалмауы керек. Сонымен қатар қалыпты мемлекетте билікті сынау мәселені уақтылы шешудің негізі болып саналады. Сын заң бойынша қудаланатын елде, әлбетте, мәселенің де шашетектен болатыны сөзсіз. 24 ақпаннан бастап көптеген ресейліктер елден кетті. Олар Ресейге инвестиция салуды тоқтатты. Кейбір компаниялар өздері кетсе, ал енді бірі санкцияларға байланысты кетуге мәжбүр болды. Біз отандастарымыз қайтып оралғысы келетіндей жағдай жасауымыз керек. Ресей әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тартатын орынға айналуы керек», - делінген оның бағдарламасында.

Саясаткер өзінің сайлауалды бағдарламасында сонымен қатар Ресейдің Қытайға белгілі бір деңгейде тәуелді болып бара жатқанын да ашық білдірген.

«Ресейдің дәстүрлі серіктестерімен ынтымақтастықтан бас тарту біздің Қытайға деген шамадан тыс тәуелділігіміздің себебі болды. Енді Қытай нарықтағы монополиялық позициясын біздің ресурстарды баға жетпес бағамен сатып алу үшін пайдаланады және біз өз өнімдерімізді үлкен маржамен сатамыз. Бұл тәсіл тек Ресей экономикасы үшін ғана емес, сонымен бірге елдің геосаяси жағдайы үшін де қауіпті. Халықаралық аренада өзін-өзі басқаратын ойыншы болудың орнына, біз Қытайдың вассалына айналамыз. Менің ойымша, бұған жол бермеу керек», - деді ол.

Борис Надеждин бағдарламасының соңғы бөлімінде ұрпаққа қалдыруға ұят болмайтын Ресейді көргісі келетінін жеткізген.

«Мен бұл сайлауға барамын, өйткені бұл – менің елім, балаларым мен немерелерімнің алдындағы міндетім. Ресей қазірдің өзінде қиыншылықтардан өтті. Бірақ бұл біз қайтадан жүруіміз керек жол емес. Егер мен мұны тоқтату үшін қолымнан келгеннің бәрін жасамасам, елімізді, әрбір ресейлікті шынайы өркендеу жолына бағыттамасам, өзімді кешірмеймін», - деп түйінделеді Надеждиннің сайлауалды бағдарламасы.

Кремльдің кезекті «жобасы» емес пе?

Ресей Федерациясы президенттігіне сайлауға кандидатурасын тіркету үшін үміткер 105 мың қол жинауы керек болса, Борис Надеждин 200 мыңнан аса қол жинап үлгерген. Оны сұрыптағанның өзінде 159 мыңнан аса қол жиналған.

Алайда оның кандидатурасын әзірге РФ Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде тіркеген жоқ. Борис Надеждин егер де ОСК оның кандидатурасын тіркемеген жағдайда жақтаушылары елдің 150 қаласында митинг ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтты.

«Мен адамдарды рұқсат етілмеген митингтерге шығуға шақырмаймын, өйткені мен оларды отқа лақтырғандай боламын және бұл заң бұзушылық болады. Бірақ мен 200 мың адамнан заңды митингке өтініш беруін сұрай аламын. Еліміздің 150 қаласында бұл адамдар бар», - деді Надеждин.

Дегенмен Надеждин туралы түрлі пікір айтып, оны айыптап жатқандар да жоқ емес. Мысалы, қоғам белсендісі Виталий Бородин саясаткер Борис Надеждинді «иноагент» деп тану үшін РФ Бас прокуратурасына жүгінді. Шағымының көшірмесін Бородин RT телеграм арнасында жариялады.

Ресейлік белгілі журналист Константин Эггерт Борис Надеждиннің Кремль мақұлдаған оппозиционер екенін, Путиннің әкімшілігі оның үлкен қалаларда танымал болуына дайын болғанын атап өтті.

«Неліктен Путинге мұндай кандидат қажет? Бір-біріне қайшы келмейтін үш жауап беруге болады. Біріншіден, саясаткер Владимир Миловтың пікірінше, Надеждиннің кандидатурасы Кремльге үлкен қалалардағы жасырын наразылық деңгейін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл туралы сауалнамалар толық түсінік бермейді. Сонымен қатар бұл – өкінішке қарай, Ресейдегі және шетелде ашылған жасырын оппозиционерлерді сөзбе-сөз қайта жазу мүмкіндігі. Үшіншіден, Надеждиннің қолтаңбаларын жинау төңірегіндегі осындай шудан кейін оны тіркеуге әбден болады. Содан кейін ОСК-дан Элла Памфилова Надеждиннің бір, екі немесе үш пайыз дауыс жинағанын, ал Путин жетпіс бес немесе тоқсан алты дауыс жинағанын айтады. Міне, біздің ауыспайтын президенттің қарсыластары қаншалықты аз. 2011-2012 жылдардағы Мәскеу наразылықтары режимге ештеңе жібермеуге үйретті. Содан кейін Навальный ұсынған және көптеген оппозиционерлер қолдаған «Кремль кандидатына қарсы дауыс беріңіз» тұжырымдамасы ол кезде жұмыс істемеді және қазір де жұмыс істемейді. Барлық үміткерлер Кремльдің адамдары, іс жүзінде ешқандай сайлау жоқ», - деді Эггерт.

Алдағы 15-17 наурыз күндері Ресейде президент сайлауы өтеді.

Бұған дейін Sarbaz.kz порталында РФ ОСК құжаттарын тіркеуден бас тартқан тағы бір тәуелсіз кандидат Екатерина Дунцова туралы жарияланған болатын.

__Последние новости

  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

Кеше, 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39