Әскери қызметшілер соғыс ардагері Ысқақ Құсайыновты мерейтойымен құттықтады
Өңірге жұмыс сапары аясында Қарулы күштер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов пен Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайыновқа барды. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полковник Ермиян Бятов ғасыр жасаған ардагерге алғыс хат табыс етіп, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасына бақ-береке тіледі.
– Ұлы Отан соғысы бүкіл халық үшін ауыр сынақ болды. Қазақстаннан оған миллион екі жүз мыңға жуық адам қатысты. Ардагерлердің даңқты ерлігін есте сақтау және оларға қамқорлық көрсету – әрбір әскери қызметшінің міндеті, – деп атап өтті ол.
Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылы 14 қаңтарда Жетісу облысы, Ақкөл ауданы, Көлбай ауылында дүниеге келген. 1942 жылдан бастап Амур әскери-теңіз күштерінің «Зенит» дивизиясында қызмет етті. Қазақстаннан барған жас жауынгердің табандылығы, ептілігі мен төзімділігі үшін қолбасшылық «Әскери-теңіз флотының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Ысқақ Құсайынов соғыстан 1947 жылы ғана оралды. Отбасын құрды. Жұбайы Бақыш Әзбекқызымен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 9 немере, 26 шөбере және 3 шөпшек сүйді.
1952 жылы Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін бейбіт заманда ол оқытушы болып жұмыс істеді. Шағын жинақты мектептердің бастауыш сынып оқушыларын оқыту әдістемесі бойынша оқу құралын дайындап шығарды.
Майдангер әскери қызметшілермен әңгімелесіп, көрсеткен ықыластары үшін оларға алғыс айтып, бәріне бейбітшілік пен амандық тіледі. Жетісу гарнизоны әскери оркестрінің орындауындағы соғыс жылдарындағы әуендер ардагер үшін ең керемет сыйлық болды.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Котова жастарға өсиет айтқан.