Ол қатерлі ісік, бронхит, астма, созылмалы өкпе ауруларына, инсульт және инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықтырады
Елімізде дендеп тұрған проблемалардың бірі – кальян. Бұл мәселені бүгін Парламент Мәжілісінің депутат Дәулет Тұрлыханов көтерді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Депутат сөз басында ұлт болашағына қауіп төндіретін вейп деп аталатын электронды сигареттің сатылымына тыйым салатын норма «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау мәселелері туралы» заң жобасына енгізілгенін айтып өтті. Сол сияқты «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесін бөлісіп, мәселенің қаншалықты өткір тұрғанын айтты.
«Онда апта сайын астаналық және алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны айтылған. Сұмдық емес пе?! Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін лаборатория жоқ. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері вейп сатылуы 300 есеге өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды», - деді депутат.
Сөзін жалғай отырып, бүгінде пайдасынан зияны көп электрондық темекі, синтетикалық наркотик, бір ішсең қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп бара жатқанын айтып өтті.
«Солардың бірі – кальян. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікте де пайдалануда. Кальянды қоғамдық орындарда заң жүзінде қолдануға тыйым салынған. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерге тексеруге мароторий қойылды. Тексерудің тоқтатылуы – заңды бұзуға негіз емес», - деді Дәулет Тұрлыханов.
Өз сөзінде кальянның құрамында бар зиянды заттар туралы да қозғап өтті.
«Кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизатор, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, алкоголь де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?!
Көбісі оның зияны жоқ деп ойлайды. Бірақ шындығында олай емес. Ол қатерлі ісік, бронхит, астма, созылмалы өкпе ауруларына, инсульт және инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықтырады» - дейді Дәулет Тұрлыханов.
Депутат аталған мәселелерді ескере отырып, мынандай шараларды қолға алу ұсынды:
Бірінші. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Екінші. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Үшінші. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.