Биыл 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөнінде іс-шаралар жоспарланып отыр
Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен 2024 оқу жылында ҚР Қарулы күштерін даярлау мен дамытудың негізгі шаралары бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оған Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Ұлттық қорғаныс университетінің, құрылымдық бөлімшелерідің басшылары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары және әскери бөлімдердің командирлері қатысты.
Министр негізгі күш жауынгерлік даярлықтың сапасына және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталуы тиіс деп атап өтті. Әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуал, жедел-тактикалық жұмыс деңгейін және басқарушы органдардың басқару шешімдерінің сапасын арттыру мәселелері де назарда болуға міндетті.
Қорғаныс ведомствосының басшысы жеке құрамның мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы осы факторларға байланысты деді.
– Биыл ел аумағында бес мемлекеттің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтеді. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Кеңесте Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығының негізгі міндеттері мен ұйымдастыру-штаттық іс-шаралары туралы генерал-лейтенант Марат Құсайынов баяндады.
Ол 2024 жылға 160-тан аса жедел және 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөніндегі іс-шаралар жоспарланғанын айтты. Бас штаб бастығы олардың ішіндегі ең маңыздысы Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы арнайы операциялар күштерінің, одан өзге Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен өтетін «Бірлестік» оқу-жаттығуы екенін атап өтті.