Қатардағы жауынгер тәуелсіздік құндылығы туралы пікір білдірді
Тәуелсіздік бостандыққа ұмтылған асқақ арман мен қайсар рухтың жеңісі екені даусыз. Ата-бабамыз сан ғасырдан бері аңсаған егемендігіміз бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды? Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген ұрпақ еркін елдің азат ойлы азаматтарына айналды ма? Кейінгі толқынның тәуелсіздік жайындағы ойы орнығып, пікірлері қалыптасты ма? «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Баярхан Нұрмұғамет ел тәуелсіздігі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Мен Тәуелсіздікті ұлы мақсаттарға жол бастар темірқазық, халқына күш-қуат берер риясыз күн шұғыласына теңеймін. Маңдайымызға біткен елдігіміз бен берекелі бірлігімізді, баянды тірлігімізді көздің қарашығындай сақтауда жан аямай қызмет етуге дайынмын. Ұлттық ұлан қатарына шақырылған тұстан бастап жауынгерлік жасақ сапында қала көшелерін аралап, тәртіптің сақталуын бақылаймын. Қызметтік міндетімді орындау барысында назарыма біраз дүние ілікті. Әсіресе, көшеде мәз-мейрам боп келе жатқан бала мен ананың жаймашуақ жүздері, арқа-жарқа болып, қыран-топан күлкіге қарық болған таксишілердің тұрысы, спорттық алаңдарда ақ тер, көк терге түсіп, асыр салып ойнаған балалар шуылы, өнерлі жастардың ел көп шоғырланған жерлерде домбыра ойнап, ұлттық аспабымның әуелеген күмбірі, қазақ күресіне асыққан білекті жастардың шоғыры, тіпті ит-мысығымен беймарал серуендеп жүрген жандар болсын, барлығы да – бейбіт аспан астында мамыражай күн кешкен азат елдің тұрғындары екендігін есіңе салады.
Міне, осы бір көріністің ар жағында азаппен келген азаттық деген қастерлі ұғым жатыр. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты. Осылайша, күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.
Біз тәуелсіздік ұрпақтары құнды асыл мұрамызды қастерлеуіміз қажет. Өткенге зер салсақ, тарихтың теперіші мен тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне аяқ басып, пана іздеген қаншама ұлттар мен ұлыстарды кеудесінен қақпай, бауырына басқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен мейірімділігі әлі де үзілмей, бүгінге дейін жалғасып жатқандай әсерге бөленесің. Лайым осындай кеңдігіміз бен ауызбірлігімізден айырмасын», - деді Баярхан Нұрмұғамет.