Анасы сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алғанын айтты
Мектепте бомба бары туралы жалған ақпарат берген атыраулық психиатриялық станционарға жатқызылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 27 жастағы тұрғын анасының мобильді телефонынан 102 нөмеріне қоңырау шалған, деп жазады Kazinform.
«Күдікті мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген. 1996 жылғы жігіттің терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарынан кейін оқиға орнына Атырау облыстық полиция департаментінің, облыстық прокуратураның, ҰҚК облыстық департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, тексеру жүргізді. Тексеру кезінде жарылғыш құралдың жоқтығы анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Кейін 27 жастағы жігіттің анасы сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алып, жай-күйі нашарлағанын айтқан. Сол күні күдіктінің өзі қайда телефон соққанын білмейтінін, бұрын да дәл осындай жағдай болғанын, сол себептен, оған амбулаториялық емдеуді тағайындауды сұраған.
«Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сай аталған азамат «Параноидты шизофрения үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен» созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған. Күдікті ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.