Жаһандық жылыну мәселесі бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналып отыр
Қырғызстанның «Халық академиясы» қоғамдық ұйымының басшысы Арстан Алай Әбділдаев 2011 жылдың 29 қарашасы күні АКИpress баспасөз конференциясында қыс мезгілі болашақта болмайтыны туралы айтып, әйгілі болған, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қыс мезгілі болмайды. Сіз күлетін шығарсыз, бірақ оған көзіңіз жетеді. Қыс болмайды, батыста су тасқыны болады. Көрерсіздер, содан кейін күлуге шамаларыңыз болмай қалмасын», - деген еді ол 2011 жылғы баспасөз мәслихатында.
Оның бұл сөзі Қырғыз Республикасында ғана емес одан тыс аймақтарда да біразға дейін әзіл ретінде қолданылып жүрді. Дегенмен оның бұл сөзі бүгінде шындыққа айналғандай әсер қалдырады. Қазір жаһандық жылыну мәселесі бүкіл әлемнің бас ауруына айналып отыр. БҰҰ секілді әлемдік ұйымдарда жаһандық жылыну проблемасы бүгінге дейін талай рет талқыланды.
Дәл қазір Қазақстанның солтүстігі – Астанада ауа температурасы Цельсия шкаласы бойынша 0 градус, елдің оңтүстігінде, дәлірек айтқанда Шымкент пен Таразда 5-6 градус жылы. Ал өткен жылдары солтүстік өңірлерде саршұнақ аяз орнап, жер көк мұзға айналып жататын. Сонымен, Арстан Алайдың 12 жыл бұрынғы сәуегейлігі шындыққа жанасайын деді ме?