Қыс мезгілінің басталуымен жолдағы көлік жүрісі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жылдамдықты асырмаңыз! Қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз! Егер қысқы жүргізу элементтері туралы толығырақ айтатын болсақ, онда жылдамдықты шамамен сағатына 10-15 шақырымға азайту керек, ал көлік арасындағы қашықтық 3-4 автокөлік болуға тиіс. Міне, осындай ұсақ-түйектердің өзі жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушіге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, - деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ақтоты Боранованың айтуынша, қиылыстарда бағдаршамның жасыл түсіне жылдам қозғалу – қысқы уақытта жүргізушілердің негізгі қателіктерінің бірі.
Ол көлік жүргізушілеріне мынадай кеңестерді берді:
Жолға назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефонға телмірмеңіз және көлік басқарумен байланысы жоқ нәрселерге алаңдамаңыз. Есіңізде болсын, көлікті кенеттен тежеу басқару мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады; Жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневр жасау мен басып озудан аулақ болыңыз, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болыңыз, айналаңыздағы жол жағдайын үнемі бақылауда ұстаңыз; Заңнамаға сәйкес қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын еске саламыз. Қысқы шиналар көлік құралының барлық дөңгелектеріне орнатылуы қажет; Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы керек, егер ауа райы нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеген дұрыс; Жаяу жүргіншілер қыста көлік тез тоқтай алмайтынын есте ұстағандары абзал, сондықтан көшені кесіп өткенде сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз; Сақ болыңыз, телефонмен сөйлесуге және басқа хабарламаларды көруге алаңдамаңыз.Өз кезегінде полицияның жеке құрамына қызмет атқару барысында қиын жағдайға тап болған жандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды. Жолдарыңыз қауіпсіз болсын!, - деді Ақтоты Боранова.