Әскери жолын 18 жасында бастаған
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай және әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында Атырау қаласы әуе қозғалысын басқару орталығында ауған соғысына қатысқан ардагермен кездесу өтті. Кездесу барысында ардагер жеке құрамға басынан жағдайлардан сыр шертті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Бұл кездесуде ауған соғысының ардагері Мұратбек Кенжеахметов ауған соғысына қашан шақыру алғаны, қандай қызметтерде болғаны туралы ой бөлісті.
1967 жылы 1 қаңтарда Мұратбек Орынбайұлы Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Махамбет ауылында дүниеге келген.
Мұратбек Атырау облысының Балықшы ауданының Придорожный ауылындағы Боран Нысанбаев атындағы орта мектебін 1984 жылы бітірген соң әскери жолын 18 жасында 1985 жылы Атырау қаласында әскери қатарға шақырудан бастаған. Осы жылы Тәжікстанның Қорган-Төбе қаласында КСРО елдерінен келген 120 шақты азаматпен бірге жас жүргізушілерге арналған 3 айлық әскери дайындықтан өтеді. Әскери дайындықтан өткен соң Өзбекстанның Термез қаласы арқылы Ауғанстанның Ташкорган қаласына аттанады. Негізгі жауынгерлік тапсырмаларының бірі Ташкорган мен Хайратон арасындағы әскери техника колоннасын сүйемелдеуді қамтамасыз ету болған.
1987 жылы әскери борышының мерізімі аяқталған соң ауған ардагері елге аман-есен оралады. 1987-1990 жылдар аралығында техник-механик мамандығы бойынша Атырау Теміржол техникумын бітірді. 1990-1993 жылдар аралығында Локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1993-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқарды. 2012 жылы зейнетке шықты. Ішкі істер министрлігінің ардагері. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.Қазіргі уақытта Атырау облысындағы Ауғанстан соғысы ардагерлері қоғамының мүшесі болып саналады.
36739 әскери бөлімінің Атырау қаласы Әуе қозғалысын басқару орталығының бастығы
майор Х.Гайтпаев